ТАРИХЫ
Әу баста Қазақ АССР Халық комиссарлары Кеңесі 1921 жылдың 29 қыркүйегінде Республикалық радиохабарларын таратуды құру жөнінде шешім қабылдап, оның негізінде, 1921 жылдың қазан айынан бастап Қазақстанның сол кездегі астанасы – Орынбор қаласынан бүкіл Республикаға трансляция тарата бастаған Қазақ радиосы одан бергі әр кезеңде әртүрлі міндетін абыроймен атқарып келеді.
Мәселен, ел өміріндегі күнделікті қоғамдық-саяси, мәдени-рухани жаңалықтардың жаршысы болу сынды бірінші міндетіне қоса, Отан соғысы кезіндегі радиодан берілген хабарларда қазақстандықтардың майданға көмегі туралы үнемі айтылып тұрды. Панфилов дивизиясының ерлігі, Әлия мен Мәншүк туралы, Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаев  туралы талай радиохабарлар сол кезде де, кейін де үздіксіз берілумен болды.
Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру, 1961 жылы ғарышқа тарихта тұңғыш рет адамның – Юрий Гагариннің ұшырылуы зор оқиға болып, бұл орайда да Қазақ радиосы жаңалыққа, қуанышқа толы хабарларын күн сайын тыңдармандарға жеткізді.
1931 жылдың мамырынан бастап Алатау баурайынан жұмысын жалғастырған Қазақ радиосы 2012 жылы Астана қаласындағы заманауи үлгіде салынған «Қазмедиа орталығына» көшті.
Хабарларын тәулік бойы тарататын Қазақ радиосы – қазір еліміздің ең ірі ақпарат жүйесі. Тәуелсіз Қазақстандағы демократиялық қайта жаңғыруларды, экономикадағы, әлеуметтік және мәдени салалардағы ілгерілеушіліктерді шынайы тұрғыда көрсету – Қазақ радиосының негізгі бағыты. Арнаның алдында Елбасының сарабдал саясатын елді-мекендердің барлығына, алыс түкпірлерге шапшаң жеткізу міндеті тұр десек, Еліміздің Бас радиосы осы міндетіне сай жұмысын жандандырды.
Олай деуімізге «Халық айтса, қалт айтпайды» дегендей, түрлі сайттар мен әлеуметтік желілерде дүркін-дүркін жарияланып жатқан оң көзқарастағы ел пікірі негіз бола алады.
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Дәуірдің үнінде халқымның сыры бар,
Батырдың рухы мен ақынның жыры бар,
Бабамның ділі мен анамның тілі бар...
Қазақы қаймағы жанға жағымды осындай мәтіні бар қоңыр әуенді соңғы уақыттарда жиі тыңдайтын болдыңыздар. Сағат сайын Қазақ радиосының эфирінен елге тарайтын өлең тармақтары қазір тіпті әр қазақтың жүрегінде жаттала да бастады. Бұрынғыдай емес, эфирге де жан біткендей сезім кешкенін ел айтып жүр. Бұдан Еліміздің Бас радиосына ерекше леп келгенін аңғарғанымыз да шындық...
Эфирін таңғы 6:00-ден Қазақстан Республикасының Әнұранымен бастап, үзіліссіз 24 сағат бойы хабар тарататын Еліміздің Бас Радиосында жаңалық көп: Радионың имидждік роликтері жаңартылып, рейтингі жоғары жаңа хабарлар ашылды. Жүргізушілікке елге аты белгілі тұлғалар тартылды.
Аптаның бес күнінде ғана 07:00-09:00 аралығында 2 сағаттан эфирге шығып келген «Қайырлы таң, қазақ елі» көңілашар-сазды бағдарламасы енді сенбіде де ел көңілін аулауға көшті. Сондай-ақ, уақыты ұзарып, 07:00 мен 09:40 аралығын қамтитын болды. Бұрынғы міндетіне қоса, тікелей эфирге елге таныс қонақтар шақырылу да міндеттелді. Басты мақсат – тыңдармандарға таңғы көтеріңкі көңіл күй сыйлау.
Бұдан былай Қазақ радиосының тыңдармандары әр күн сайын «Заң тәпсір», «Аграрлы Қазақстан», «Кәсіп пен нәсіп», «Бірінші байлық», «Сүйінші» сынды әлеуметтік маңызы бар хабарларды күнделікті бір мезгілде тыңдап, тікелей эфирдегі студия қонақтарына толғандырған сауалдарын қоя алады. Сондай-ақ, «Ақ отау», «Жан жылуы» секілді мегажобалар да күн сайын кезектесіп эфирге жол тартады.
Тыңдармандар талабы ескеріліп, «Ақ тілек» құттықтау бағдарламасы күніне 2 рет (12:00-13:00, 17:00-18:00) эфирге шығады.
Қазақ радиосы оқушылардың да сұранысын ескерді. «Үй тапсырмасы» бағдарламасында оқушылар студиядағы пән мұғалімдерінен өз сауалдарына жауап ала алады.
Азаттықтың Алтын бесігі – Алматы қазақ руханиятының қарашаңырағы саналады. Алматының мол мүмкіндігі ескеріліп, 3 сағатқа жуық уақыт тікелей эфир беріліп отыр. Яғни, аптаның 5 күнінде 18:00-20:40 аралығы – Алматы студиясының уақыты. Бұл уақытта қамтылған хабарлар жиынтығы мен әсем әндер «Армандастар» көңілашар сазды бағдарламасының аясында эфирге жол тартады.
Жаңа маусымнан бастап Қазақ радиосының эфиріне «Балдәурен» балалар хабары шыға бастады. Оның күнделікті уақыты 20:40-21:00 аралығы.
21:00-22:00 аралығындағы «Алашнама», «Алаң», «Кезең», «Пенальти» сараптамалық бағдарламаларының көтерер жүгі жеңіл емес.
22:00-23:00 – лирикалық сырласу сағаты. Бұл сағатта Қазақ радиосының тыңдармандары жүргізушімен және студия қонағымен өздерінің ішкі сырларын бөлісіп, рухани сырласа алады, жыр маржандарын үні құлаққа жағымды дикторлардың оқуында тыңдай алады.
Қазақ радиосының тыңдармандарына кітаппен сырласа алатындай мүмкінтік те туды. Күн сайын 23:00-де әдеби, тарихи шығармалармен қоса, іскерлікке баулитын қызықты кітаптар қазақ тіліне аударылып, елдің назарына ұсынылады. Жоба Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романымен басталды.
Сонымен қатар, радионың бұған дейінгі таспа хабарларының маңыздылары да жұмысын жалғастыра береді. Олардың қатарында «Інжу-маржан», «Терме», «Парыз», «Дәуір үні», «Кәусар», «Әжемнің әңгімесі», «Көңіл көзі», «Ұлы дала мұраты», «Тағдыр сыйы», «Біз екеуміз», «Өмірдің өзі новелла» хабарлары бар. Бұл хабарлар «Әлем әдебиеті», «Сарбаз», «Құсни хат», сондай-ақ, «Алдаспан»хабарларымен толықты.