Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры маусым айының 7,8 күндері американдық жазушы Кен Кизидің романы желісі бойынша режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков сахналаған "7+1" драмасының премьерасын ұсынады.

Авторы: Кен Кизи
Аударған: Ә.Оразбеков
Қоюшы режиссері: Әлімбек Оразбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Қоюшы суретші: Ерлан Тұяқов
Хореограф: Салтанат Жолымбаева

Аннотация
Бас кейіпкер Макмерфи еркіндік сүйгіш, жаны нені қаласа, содан еш іркілмейтін көңілді жігіт, карта ойнағанды, шарап ішіп шалқып, қыдырып жүргенді де сүйеді. Сонымен қатар оның жүрегінде мейірім мен әділеттілік ұялаған. Түрмеден жындыханаға түскен Макмерфи мұндағы барлық билік бас медбибі мисс Ретчедтің уысында екенін түсінеді. Ол жұртты отырса опақ, тұрса сопақ қылып ұстайтын адам. Тіпті бас дәрігердің өзі мисс Редчедтің айтқанынан шықпай, соның айтуымен жүреді.
Мұндағы адамдар жүйке дертінен шалдыққандар болып саналғанымен, бірақ оларды шетінен тегіс жынды санау қате екенін Макмерфи білді. Ол емханада темірдей тәртіп орнатып, өзгелердің еркін өзіне тұтас бағындырып қойған мисс Редчедке қарсы ымырасыз күрес ашады. Бұл расында қоғамға қарсы шығу, жүйеге көнбеу болып шықты.
Макмерфидің күрескерлік дүниетанымы: «Рухың күшті адам болғың келсе, бар нәрсенің күлкілі жағын көруді үйрен». Ол емханада шерменде өмір кешкен жандарға «Мың күн атан болғанша, бір күн бура бол» дейтін қағиданың шындығын ашып берді. Бұл жолда Макмерфи құрбан болып кеткенімен, оның азаттыққа деген сүйіспеншілігі басқалардың сана-сезімдеріне айтарлықтай өзгеріс әкелген еді.