Астана - 102,7FM Алматы - 102,8FM Ақтау - 103FM

Шәмші Қалдаяқовтың әнін домбырамен орындаған корей әншісі Қазақстанға келеді

Шәмші Қалдаяқовтың әнін домбырамен орындаған корей әншісі Қазақстанға келеді

13-қаңтарда Астанадағы ЭКСПО Конгресс-Орталығында, ал 21-қаңтарда Алматыдағы Республика сарайында Оңтүстік Кореяның әйгілі әншісі, өз шығармашылығында екі мәдениетті біріктіріп жүрген Song WonSub жеке концерті өтеді, деп хабарлайды qazradio.fm. 

Song WonSub өз елінде ғана емес, Оңтүстік Кореядан тыс жерде, соның ішінде, Қазақстанда да ерекше танымал.

Шығармашылық жолын Батырхан Шүкеновтың «Жаңбыр» деген әнін корей тілінде cover мәнерінде орындаудан бастаған болатын. Бұл қадамы тыңдарман қауым мен әлеуметтік желідегі жазылушылардың арасында резонанс тудырып, оның Қазақстанда жұмыс істеуіне түрткі болды. YouTube-блогер ретінде ол Димаш Құдайберген және Ninety One тобы сынды қазақстандық орындаушылардың өнеріне тәнті болған тыңдарман қауымның жылы лебізін таспаға түсіріп, осылайша бара-бара еліміздің музыка мәдениетіне бір қадам жақындай түсті.

Song WonSub қазақ тілін меңгеріп, домбырада ойнауды да үйреніп жүр. Сондықтан болар, қазақстандық тыңдарман қауым оның бұл ниетін құптап, құрметін танытып келеді.

Дүниежүзілік хитке айналған әндерді қазақ тілінде, ал қазақ әншілерінің шығармаларын корей тілінде орындайтын әртістің концертінде қазақстандық көрермен назарына өзі дайындаған cover туындыларын Батырхан Шүкеновтің «Дождь», Мирас Жүгінүсовтың «Зымыран», Қазыбек Құраиштың «Таптым-ау сені», Шәмші Қалдяқовтың «Сыған серенадасын» және «Ва банк» корей дорамасына арналған саундтректі қазақ тілінде ұсынады.

Оңтүстік Корея әншісінің жеке концерті – қазақ тілін әлемдік деңгейде дәріптеудің жарқын мысалы бола алады. Яғни, бұл шетелдік орындаушылар мен көрермен қауымға еліміздің сан қырлы мәдениеті мен байлығын танытудың даңғыл жолына айналмақ. Осындай әртістер халықаралық байланысты күшейте түсіп, қазақ тілінің жаһандық мәдениеттің ажырамас бөлшегіне айналуына, сөйтіп, әлемдік мәдениеттің алуан түрлі екенін ұғынып, зерттеу көкжиегін кеңейтуге септесе алады.

Дереккөз: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Фото: gov.kz