Орда бұзар жасқа жеткен әнші бокс спортының есігін кеше бүгін қаққан жоқ. Мектеп жасынан бастап спорттың осы түрімен айналысқан. Бұл туралы Ибрагим Ескендір Астана радиосының #ТүнгіLife бағда
рламасында айтылды.
«КСРО-ның төрт дүркін чемпионаты, Аманжол Бақаев деген ағаның қолында жаттыққанмын. Сол кісінің шәкіртімін, қолында жаттығып жүріп Спорт шеберінен үміткер болдым. 2007 жылы қолымнан жарақат алып қалдым, әрі ата-анам қарсы болған соң бокстан алыстау кетіп, ары қарай білім қуып, өнер жарыстырып кеттік. Тұрақты түрде жарысқа шықпасам да,  жаттығуды қалдырған жоқпын. Менің  әнім арқылы  мені тануға мүмкіндік аласыздар. Осы уақытқа дейін жылтыраған дүниеге қызыққан жоқпын. Қазақтың рухын көтерсек, замандастарым патриот болса деген ниетте жұмыс жасадық» - дейді әнші Ибрагим Ескендір.

Сұхбат барысында боксшы шаршы алаңда қобалжымағанын жеткізді. Тіпті жарнаманы да қажетсінбейтін көрінеді.  
Айта кетейік, спортшылар Мәскеуде жұдырықтасты. Бұған дейін домбыраны серік еткен әнші, енді былғары қолғапты бәсекеде бақ сынады. Оның қарсыласы қырғызстандық Шерғазы Сақтанов болды. Ибрагим Ескердір кәсіпқой бокстағы алғашқы айқасын жеңіспен аяқтады.
«Менің бокстан көрінуім өнерден кетті деген сөз емес, саяси қызметімнен кетті деген сөз емес, Еуразия ұлттық университетінде қазір докторантурада оқып жүрмін, ғылымнан кетті деген сөз емес. Қазақтың балалары жан-жақты болуы керек. Бәріміздің илейтін пұшпағымыз біреу, қазақтың балалары ұлтының намысын қай жерде болса да қорғауы керек, - дейді өзі айтқандай саясатпен де айналысып жүрген танымал әнші.