ҚР Мәдениет қайраткері Нұржан Жанпейісов 6 жыл бойы өнерден алшақ жүрді. Әншінің дауысының жоғалуы сахнада өнер көрсетуіне кедергі келтірген. Жүйелі түрде ем қабылдаған өнер иесі бұл қиындығын еңсеріпті.

Бұл туралы әнші Қазақ радиосындағы «Армандастар» бағдарламасында айтты.
«Әнді айта алмай жүрген кезімде телеарналар қонаққа шақыртты, радио жүргізушілер бағдарламаларына шақыртты. Шетелге сапарға шығу қажет болды. Өмірімнің осы бір сәті – естен кетпес оқиғалардың бірі»,- дейді әнші.
Қазіргі таңда өнер иесі күзде Астана қаласында өтетін жеке шығармашылық кешіне қызу дайындық үстінде. Концерттік бағдарламада жаңа әндер айтып, жаңа альбомның тұсауын кеспек.
«Таппа шығару жұмыстарын бастап кеттік. Жаңа жылдан кейін «EL production» орталығының басшысы Ғалым Доскен ағамыз шақырып алып, сенің жаңа альбомыңды жарыққа шығарайық деген ұсыныс айтты. Қазіргі таңда мен сол кісілердің студиясында 70 ән жазып қойдым. Халық әндері бар, кейінгі композиторлар, оның ішінде біздің ақын жазушылар, дәстүрлі үлгіде жазылған әндер бар ғой. Олардың барлығы керемет. Ақселеу Сейдімбеков ағамыздың, Бексұлтан Нұржекеев ағаларымыздың әндерін қамтып шықтым. Жоспар бойынша күзде жарық көреді деген ойдамыз. Бұйыртса, қолдарыңызға тиеді»,- дейді бағдарлама қонағы.
Айта кетейік, Нұржан Жанпейісов Алматы облысының Панфилов ауданында туған. Талдықорған педагогикалық университетін бітірген. 1998 жылы Ж.Елебеков атындағы әншілер байқауының лауреаты, 2000 жылы «Жаңа ғасырға, жаңа ән» байқауының 3-ші жүлдесін, 2000 жылы «Шабыт» халықаралық фестивалінің 2-ші жүлдесін, 2002 жылы Ә.Қашаубаев атындағы әншілер байқауының Бас жүлдесін иеленген. 2004 жылы Париж қаласында өткен ұлттық дәстүрлі музыка фестиваліне қатысқан. Гастрольдік сапармен Қытайда, Ресей қалаларында өнер көрсеткен.