Қазақ әйелдерінің бейнесін қалай өзгертуге болады? Тең құқылы деп сіңірген тәрбиені қыздар қанша уақытта өзгерте алады? Еркектің тапқан 1 теңгесі әйелдің тапқан 1000 теңгесінен берекелі екенін қалай түсіндіруге болады?

Қоғамы осы тұжырымды қолдай алады ма?

Көрерменнің көкейінде жүрген осы сауалға Бауыржан Момышұлының келіні Қазақ радиосындағы «Армандастар» бағдарламасында жауап берді.
«Біз қазір қымс етсе болды, қоғам солай, заман солай дейміз? Бірақ та, қоғамды да, заманды да жасап отырған адам ғой. Ол басқа жақтан келген құбылыс емес. Бұл адамның ниетіне, пиғылына, соның өресіне байланысты. Біз егемендік алғаннан кейін шекарамызды аштық. Құшағымызды жайдық. Мінекей, осы кезде өзгенің жақсысы да, жасығы да, арамы да, адалы да бізге қаптап келді. Біз соны талғамай, талдамай жұта бердік. Осы біздің үлкен кемшілігіміз. Онсыз да біздер 70 жыл бойы «құдай жоқ» қоғамда өмір сүрдік. Бірақ, қазақ ешқашан айғайламағанымен, «құдайын» ұмытқан халық емес. Қазақ өзі бір-ақ ауыз сөзбен «Құдайсыз - қурай сынбайды» деп құдайын ешуақытта ұмытқан жоқ. Бірақ, фанатик болмаған. Ең жаман адамды құдайсыз адам дейді. Жақсы адамды яғни, біреуді мақтағысы келсе, осының құдайы бар деп сөйтеді. Осы сөздің өзінен-ақ, біздің халқымыздың Аллаға шексіз сенгендігін айтамыз. Кеңес Үкіметінің кезінде заң солай болды. Идеология солай болды. Бірақ, осы идеология, тең құқылы деген нәрсе біраз нәрсені бүлдіріп кетті. Біздің қазір қайтуымыз қиынға соғып жатыр. Енді қайтамыз ба деп, бөркімізді аспанға атып, бодандықтан құтылдық па деген едік, сөйтсек құлдық психологиямыз әлі сүйретіліп жүр екен. Мына жақта орысқа қарап бас иеміз, Мәскеуліктер түшкіре қалса, амандығын тілейтін болдық. Бізде жалпақ шешейлік, сосын еліктеушілік осы бізді құртып келе жатыр. 90 жылдардағы қиыншылық кезде бұрынғы қалыпты өмірдің қалыпты тіршіліктің қабырғасы қақырады. Көптеген завод, фабрикалар жабылды. Қызмет істеп отбасын асырап отырған ер адамдардың көпшілігі жұмыссыз қалды. Сол кезде бала-шағаны асырау үшін әйелдер қауымы стакандап шемішке сатса да, көшеге шығып кетті. Ала қоржын арқалап, біреу Қытай асты. Біреу Түркия асты. Осылайша, әйел заты далаға үйренді. Сауда деген бір жағы жақсы болса, бір жағынан жүріс тұрысты өзгерттеді»,- дейді бағдарлама қонағы.