Бүгінде жеке шығармашылығына ден қойған ол орындаушылықпен қатар сазгерлік қабілетін дамытып келеді.

Көбіне патриоттық бағыттағы әндерді топпен бірге орындаған болса, бүгінде лирикалық шығарларды жазу үстінде. Оның көпшілігі тыңдармандардың жүрегінен орын алып үлгерді.

«Жаным лирикаға жақын. Өмірдің тылсым құбылыстарын әнмен суреттегенді жаным қалайды. Музыка деген – тек сөзбен әннен тұрмайды. Тыңдарманның жүрек қылын тербеу - туындының сәтті шыққанын байқатады. Ән сүйер қауым, өткенін, келешегін, бүгінін байланыстыра алса, онда біздің еңбегіміздің жемісі», - дейді Ұшқын Жамалбек.

Ұшқынның біраз әндері отандық фильмдердің саунтрегінде орындалып жүр. Мәселен, «Қара шаңырақ», «Әулет», «Бәсеке», «Шекарашылар», «Тарзаман», «Бір сен үшін», «Тасөткел», сериалдарына ән жазған.

Әнші тауық жылының соңғы күнінде Пекин қаласына гастрольдік сапармен барды. Жеке шығармашылық кешін өткізіп, Қытай халқын ерекше әсерге бөледі.

«Қазақтың Димашы болған соң, мен екі әнді арнадым. Ол Қытайда қазақ елін танытқан соң, барлығымыз төбемізге көтердік. Шүкір деп айтайық, мемлекетіміздің абыройын асқақ етті. Мен оның репертуарына екі ән бердім. Бірақ, білмедім, ол әндерді жарыққа шығарған, шығармағанын. Енді Димашқа бүкіл әлемнен ән келіп жатқан шығар», - дейді ол.

Отбасында үш бала. Өзі және екі қарындасы бар. Әзірге бойдақ. Қытайда атасының тәрбиесінде болған ол Қазақстанға білім алуға келген. Әнші болашақта ата – анасын Алматыға көшіріп алып келмек.