Өздігеннен бала сүйе алмаған отбасылар саны қоғамда күн санап өсіп келе жатқаны жасырын емес. Жұбайлар балалы болғысы келгенімен, олардың әлеуметтік жағдайының көтермеуі көп нәрсеге қол байлау болуда.

Елімізде 15000 бала, денеден тыс ұрықтандыру тәсілі арқылы дүниеге келген. Олардың ең үлкені - 21 жаста.

«Ізденісті 1990 жылда бастадым. 1995 жылы алғашқы лабораторияны ашып, 9 айдан кейін алғаш рет Қазақстандық қызды дүниеге алып келдік. 1996 жылы 31 шілдеде. Ол қыздың өзі қазір 21 жасқа келді. Шетелде оқып жатыр. Одан кейін Қазақстанда 15 000-ға жуық бала дүниеге келді. Оның 6-7 мыңы біздің мамандардың қолынан шықты. Біздің орталықтан дайындалған мамандар қазір 10 шақта орталықта жұмыс істейді. Яғни, біз тек қана осы әдісті ғана енгізіп қойған жоқпыз, осы жобаны дамытуды қолға алдық. Қазақстанның басқа да аймақтарынан бөлімдерімізді аштық. Біраз лабораториялар басында жұмыс істейді да, одан кейін барлығы бірдей бұл әдісті алып жүре алмайды», - дейді биология ғылымдарының докторы, репродуктолог дәрігер Салтанат Байқошқарова.

«Эко мед адам ұрпағын өрбіту» клиникасының ғылыми жетекшісі ұрық тапшылығы жасқа байланысты болатынын тілге тиек етті. Тіпті, қазіргі таңда ерте климакс белең алып келе жатқанын да жеткізді.

Кеш үйленіп, кеш тұрмысқа шыққан қыз-жігіттердің аналық және аталық ұрықтарының сапасы төмендейді. Сондықтан, бағдарлама қонағы барша қоғамды әлеуметтік мәселеге көп көңіл бөлмей, биологиялық мәселені де ескеруге шақырды.