2018 жылы отырып ойнайтын волейболдан екі бірдей жарыс өткізіледі. Оның бірі шілде айында Голландияда өтетін Әлем чемпионаты болса, екіншісі қазан айында Азия ойындары ұйымдастырылмақ. Бұл туралы отырып ойнайтын волейболдан ҚР Бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауов Қазақ радиосындағы «Алдаспан» бағдарламасында мәлімдеді.
«2012 жылы жігіттердің еңбекақысы 200 мың болатын болса, бүгінгі күні жалақы 250 мыңға көтерілді. Спортшылардың барып-келуіне барлық жағдай жасалған. Жолақысы төленеді. Әрбір іс-сапарға жергілікті бюжеттен қаржы қаралған. Республикалық комитет те өз қолдауын көрсетіп жатыр. Қазіргі таңда баспанамен қамтамасыз ету жағы да дұрыс жолға қойылған. 4 жігітімізге пәтер берілді. Басым көпшілігі қызметтік пәтерлерде тұрады. Қазіргі таңда жарысқа дайындық жұмыстары басталып кетті. Әр ай сайын 15-20 күнді оқу-жаттығу жұмыстарына арнап жатырмыз», - дейді ҚР Бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауов.
Айта кетейік, 2002 жылы Атырау қаласында отырып ойнайтын волейболдан федарация құрылды. Мүмкіндігі шектеулі 10 000-ға жуық азаматқа шақырту жасалған. Спортқа икемді, ерекше жағдайды қажет ететін жандар Иранда өткен әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, қола жүлдегер атанды.