Адамның бойында қасиеттер көп. Біреуі - позитив, біреуі - негатив. Адамға ол үшін кінә тағуға болмайды. Оның ішінде әдебиет пен өнердегі адамдарға осы жағынан кінә тақпас едім. Егер, олардың бойында менмендігі болмаса, жалпы творчества деген атаулы мұхитқа ескек салу қиын.

Осылай деп пікір білдірген Қазақ радиосы «Армандастар» бағдарламасының қонағы - Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, театр және кино актері Досхан Жолжақсынов жастайынан құрметке ие болып, кеуде керетіндер жайлы сөз қозғады.
«Егер, бұлар өзін-өзі тежеп, кәдімгі біреуден төмен санап отырса, бұлардың алды ашық болмайтыны хақ. Бірақ, менмендікті ұстау керек. Әлгі ауыздықты өзің тартып отырсаң өзіңе ыңғайлы да, біреу тартса, езуіңді жыртады ғой. Сондықтан, оны да біліп ішінде құлыптап ұстай білу, сол арқылы өзіңді өзің өсіру, мен неге қаламын деп, өзіңді өзің қамшылау болу керек. Жалпы бұл иісі қазаққа керек нәрсе».