Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Нақты радиоұйым аясына бірігу баршамызға тиімді

Нақты радиоұйым аясына бірігу баршамызға тиімді

    Нақты радиоұйым аясына біріксек бәрімізге де тиімді болар еді. Алғашқы қадам ретінде Түркітілдес елдердің радио одағын құруды ұсынамын. «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС Бас директоры Мәди Манатбекұлы «Азияның медиа диалогы» форумына жиналғандарға осындай ұсыныс жасады.

«Бұл барлығымызға осы мемлекеттердегі соңғы жаңалықтардан, өзгерістерден және басқа да медиа трендтерден дер кезінде хабардар болуға мүмкіндік береді. Радио нарықтағы жаңалықтардан қалмау үшін менеджерлердің әр жаңалықты үнемі бақылап, сараптап отыруы, тыңдарманның қалауын дөп баса алуы және оларға қажет жаңа жобаларды ұсына білуі бірінші кезектегі мәселе. Тәжірибе алмасу арқылы мамандарымыздың кәсіби біліктілігін арттыра аламыз. Ол үшін мамандардың кәсіби біліктілігін үнемі тренинг, семинар арқылы арттырып отыру керек. Аталған мәселені осы форум аясында әріптестік меморандумдарына қол қою арқылы шешуге болады деп ойлаймын.»,-деген радиолар басшысы сөзін ары қарай серіктестіктің халықаралық байланыс саласында қол жеткізген жетістіктерімен сабақтады. 

Бүгінде ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ Түркияның мемлекеттік «ТRT» телерадио корпорациясына қарасты «Түркия радиолары» басқармасымен әріптестік келісім жасаған. Енді жыл сайын серіктестік қызметкерлері Түркияда ақысыз тәжірибеден өте алады. Ортақ келісім нәтижесінде «Қазақ радиосы» әзірлеген, халқымыздың салт-дәстүрі мен ән-күйін насихаттайтын «Түркістаннан тарту» бағдарламасы «Түркия үні» радиосының эфирінен шыға бастады. Ал түрік әріптестеріміз қазақ тілінде дайындап беретін «Анадолы тынысы» хабары «Қазақ радиосының эфирінен беріліп жүр. Бағдарлама мақсаты – Түркиядағы қазақтардың өмір салтымен, екі мемлекет арасындағы мәдени іс-шаралармен таныстыру. Сонымен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзірбайжанмен бірлескен жобалар дайындау бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бірақ бұл тек екіжақты шаралар.     Ал нақты радиоұйым аясына бірігу келер күннің еншісінде.