Қазақстандық өнертапқыштар өз білімдерін экспортқа шығарды. Бағдарламалау тілінде құрастырылған жобалар «Stem» орталығы арқылы жүзеге асты.  Бұл туралы жас ғалым Мадияр Базарбеков Қазақ радиосындағы «Қайырлы таң, қазақ елі» бағдарламасында бөлісті.

«Бүкіл әлемде ғылым мен техника қарыштап дамуда. Мысалы, әлемнің дамуына алға жетелеп келе жатқан локомативтің атын «Ғылым-технология-инженерия-математика» деп айтамыз. Өйткені, қарқынды даму үшін осы салардың алар орны ерекше. Біздің орталық «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келген аға буын өкілдеріміздің идеясымен ашылды. 2015 жылы негізі қаланды. Бағдарламаның барлығын өздері жазды, өздері құрастырды. «Stem» орталығы өз жобаларын тек қазақстанға ғана емес, шетелге экспортқа шығарды. Қазақ азаматтары арасында тұңғыш білімді экспорттаушы азаматтар болып табыламыз. Мысалы, қазақ елі осы уақытқа дейін, өзінің қазба байлықтарын экспорттаса, ал білімді экспорттаушылар біз боламыз»,- дейді өнертапқыш Мадияр Базарбеков.

Айта кетейік, елімізде «Stem» орталығының ашылғанына 3 жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында мамандар төрт бағытта жұмыс жасап келеді. Олар: инжеренерлік – математика, программалау, 3D моделдеу, робототехника. Білім мекемесі қазақстанның 16 аймағынан өз бөлімшелерін ашып үлгерген.