Рамазан айы келгенде көп адамдар ашаршылық келе жатқандай шошып жатады. Аурулары есіне түсіп, осындай бір дүниелер болады. "Жалпы оразаны қалай қарсы алу керек?" деген сұраққа «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Қанат Қыдырмен Шалқар радиосы «Таңжарық» бағдарламасында жауап берді.

«Ораза деген Пайғамбарымыздың үмбетіне берген үлкен сыйы. Құранда: «Рамазан айында құран берілді» дейді. Пайғамбарымыздың өміріне көз жүгіртетін болсақ көптеген үмбеттердің жастары ұзақ болған екен. 1000 жыл ғұмыр кешкен пайғамбарлар өткен. Сонда ардақты пайғамбарымыз солардың өмірін естіп: «Олар мыңдаған жыл ғұмыр кешіп, Алланың көп сауабына иеленді. Ал, менің үмбетімнің ғұмыры қысқа, сауабы аз болады» деп ішкі сезімін Аллаға білдірген екен. Сонда Алла Тағала осы пайғамбарымыздың ішкі қалауына қасиетті Рамазан айын беріп, сол айдың ішінде қадір түнді беріп, қадір түн мың айдан да қайырлы екенін құранда бекітіп көрсетті. Сондықтан бұл қуаныш. Бір айдың ішінде, бір түннің ішінде мыңдаған жылға татитын сауапқа ие болады» - дейді имам.