Астанада төтенше жағдайда ерлік көрсеткен 20 батыр балаға құрмет көрсетілді, - деп хабарлайды Қазақ радиолары Жаңалықтар қызметінің тілшісі Данияр Туралимов.

Бүгін Астанадағы Оқушылар сарайында төтенше жағдайда ерлік көрсеткен 20 батыр балаға құрмет көрсетілді. Бұл іс-шараның мақсаты – «Бақытты балалық шақты қорғау» жылы аясында өскелең ұрпақты азаматтық, ар-намыс және патриоттық рухта тәрбиелеу, сондай-ақ қоғамда батыр балалардың ерлік істерін баяндауға мүмкіндік жасап, кішкентай батырларға алғыс білдіру.Марапаттау рәсіміне еліміздің әр түпкірінен 20 батыр бала шақырылған болатын. Олар ерлік әрекеттері үшін ешқандай марапат алмаған балалар.

Елорданың туған күні қарсаңында Астанаға еліміздің әр түпкірінен жасөспірім батырлар келді. Бұл балалардың барлығы да қысылтаяң шақта ержүректік көрсетіп, адам өміріне араша болғандар. Сіздер қазірдің өзінде көпке үлгі тұтатын жандарсыздар. Осы орайда сіздердің ата-аналарыңызға, мұғалімдеріңізге және өздеріңді тәрбиелеп жүрген тәлімгерлеріңізге зор алғысымды білдіремін. Елімізде өздеріңіз сияқты батыр балалар барда алдыңғы аға буын Қазақстанның болашағына сеніммен қарайды. Біз сіздерді және сіздердің ерліктеріңізді мақтан тұтамыз!– деп атап өтті министр.

Қалмұханбет Қасымов барлық балаларға денсаулық, табыс тілеп, болашақта да осындай батыр, қырағы, рухы күшті, ержүрек қалыптарын сақтап, биіктерден көріне берулеріне ағалық тілектестігін жеткізді. Бұдан соң Қ. Қасымов батыр балаларды өз қолымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалдарымен марапаттап, бағалық сыйлықтар ұсынды.Салтанатты іс-шара барысында балалар құрметті қарауылдың өнерлерін, әскери оркестрдің орындауында патриоттық және әскери композицияларды тамашалады, Оқушылар сарайына және астананың көрікті жерлеріне саяхат жасады.