«Ораза ол тек ғана тамақтан, сусыннан тыйылу емес, адамды тәрбиелеу жолы болып есептеледі. Пайғамбарымыз: «Кімде-кім жаман сөз сөйлеуін тоқтатпаса, және жаман ісін тоқтатпаса, Алла Тағалаға оның тамақтан, сусыннан тыйылғаны қажет емес» дейді. Яғни, адам сөзден, істен, көзден тыйылу қажет» - дейді – «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Қанат Қыдырмен Шалқар радиосы «Таңжарық» бағдарламасына берген сұхбатында.

«Кез келген амалдың қабыл болуының екі шарты болады. Біріншісі ол ниет, екіншісі сол жасалатын ғибадат шариғат негізіне сүйенген болу керек. Ораза бұл өте үлкен кең мағына. Алла Тағала: «Әрбір құлдың амалы ол өзі үшін, ораза мен үшін. Оның сыйын өзім беремін» дейді. Мысалы, адам намаз оқыса, зекет жасаса, қажылыққа барса ол көрінетін ғибадат. Бірақ, оразаны ешкім көре алмайды. Адам ораза ұстауы бұл ішкі дүние. Ішкі Алла Тағала мен құлдың арасындағы сыр болып есептеледі» - дейді имам.