«Барселонаның» аңыз ойыншысы Андрес Иньеста каталондықтармен қош айтысты. Барсаның сапында 670 ойын өткізген испандық ойыншы енді футбол мансабын басқа клубта жалғастырады.

Иньестаның Барсадағы жорығы 2002 жылдың 29-шы қазанында УЕФА Чемпиондар Лигасының «Брюггеге» қарсы ойында басталған болатын. Бүгінгі күнге дейін ардагер ойыншы Испания чемпионатының 10 жүлдесін, УЕФА Чемпионда Лигасының 4, Испания кубогінің 6, Испания суперкубогінің 7, Еуропа суперкубогінің 3, клубтар арасындағы әлем чемпионатының 3 жүлдесін қоржынына байлады.

35 жастағы ардагер ойыншы өз ойынындағы допты ұстау мәнерімен футбол жанкүйерлерін өзіне тәнті етті. Пеп Гвардиола «Барселона» жаттықтырған жылдары каталондықтардың жемісті өнер көрсетуіне себепші дәл осы Иньеста. Пеп Гвардиола: «Менің футболға деген көзқарасымды өзгерткен Андрес» деп тамсана айтқаны бар. Командаласы Хави екеуі футбол тарихындағы шабуылдаушы жартылай қорғаушылардың ішіндегі үздік дуэті болды десем артық айтқаным емес.

Мамырдың 20-нан 21-не қараған түні Иньеста «Барселона» сапындағы соңғы ойынын өткізді. «Камп Ноуға» жиналған жанкүйерлердің ыстық ықыласынан шыдай алмаған Андрес көзіне жас алып, 90 мың жанкүйермен қош айтысты. Пас берудің айрықша шебері атанған мұндай аңыз ойыншылардың орны ойсырап тұрары сөзсіз.

Айта кетейік, испандық ойыншы футбол мансабын Японияда жалғастырады деген сыбыс бар.