Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері көптеген тілдерге аударылуда. Түрік академиясы жақында ақынның өзбек және ағылшын тіліне аударылған еңбектерінің тұсауын кесті.

«Шалқар шаңырағындағы сұхбат» бағдарламасының қонағы – халықаралалық түрік академиясының қызметкері, фольклортанушы, ғалым Ақеділ Тойшанұлы ақын өлеңдерінің аудармасы жайлы әңгіме өрбітті.

«Халықаралық түрік академиясы ақын ағамыз Мағжанның 125 жылдық мерей тойына байланысты осы жылды «Мағжан жылы» деп жариялап, біраз шаралар өткізіп жатыр. Соның бірі ретінде Мағжанның өлеңдерін 9 тілге аударып, жинақ жариялады және бұл аударма жұмысы жалғасып жатыр. Өйткені, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты елбасының мақаласында айтылғандай аударма мәселесіне үлкен мән беріліп отыр. Өзіміздің алыптарымызды дүние жүзіне таныту кезеңі басталған сияқты. Бұл ісіміз соның белгісі. Мағжанның өлеңдері алтай, әзірбайжан, башқұрт, қырғыз, моңғол, өзбек тіліне аударылды. Өзбек тілінде таңдамалы шығармалары жарық көрді. Бернияз Күлеев, Ақан сері, Әбубәкір Диваев туралы жазған Мағжанның әдебиет танулық мақалалары да осы кітапқа кірді. Аударманы жасаған ақынымыз Қарақалпақыстанның халық ақыны Музафар Ахмад. Ол кісі бұрын біздің Абайды, Базар жырауды аударған. Аударманың алғысөзін, ғылыми түсініктемелерін жазған профессор Нәсімхан Рахманов. Бұл еңбектер – Өзбекстанның үлкен зиялылары, білікті мамандары жалпы оқырман қауымы Мағжан ақынды өздеріне жылы тартып, қарсы алғандығының белгісі» - дейді профессор.