Төрткүл дүние тағатсыздана күтіп отырған әлем чемпионатының басталуына 14 күн қалды. Теңбіл доптың хас шеберлері биыл көрші Ресей елінде жолығатыны баршамызға мәлім. Ендеше, биылғы 2018 жылғы доп додасына кімдер сақадай сай? Фафорит кімдер?

Биылғы әлем чемпионатында негізгі 8 фаворит бар. Олардың бастапқы көшінде Германия мен Бразилия ұжымы тұр. Бундестимнің күшіне ешкім күмән келтірмесі анық. Ал, Неймардың отандастарына қатысты біраз сұрақтарыңыз туындауы мүмкін. Одан әрі 2016 жылғы еуроның финалистері Франция жайғасты. Франция – әлеуетті команда болғанымен, кез келген бір ойында сылбырлық танытып, ұтылып қалуы да ғажап емес. Келесі тізімде Испания мен Аргентина. Құрамдары тек жұлдыз ойыншылармен толыққан мүмкіндіктері жоғары құрамалар. Сондай - ақ Англия мен Бельгия бар. Бірақ, бұлар әдеттегідей қысымға шыдамауы мүмкін.
Ал, Еуропа чемпиондары Португалияға еуродағыдай сәттілік серік болар ма екен? Әрине, көп жағдай топтық кезеңге және жарақаттарға байланысты. Бұлардан бөлек, Польша мен алаң иелері Ресейден де сенсация күтетіндер аз емес.

Әр команданың жұлдыздары мен басым тұстары:

Аргентина: Месси, Сампаолидің жаңашыл тактикасы, мүмкіндігі зор жас ойыншылар, мықты қорғаушы Отаменди және шабуыл шегіндегі Ди Мария, Дибала, Игуаин және Агуэро сынды ойыншыларды атап кете аламыз. Бұл ойыншылардың арқасында Аргентина қарсыласқа қарағанда тезірек қимылдауы керек.

Португалия: Роналду, Сантуштың білгірлігі, команданың мол тәжірибесі, «Манчестер Сити» сапындағы жаңашыл ойыншылар және қосалқы құрамдағы жолы болғыштар. Одан бөлек, кәрі қасқыр қақпашы Руи Патрисиу бар.

Германия: Бұл құрамада Хуммельстен Мюллерге дейін Левтың қол астында бір тәртіппен жүретін командалық ойынды атап өткен жөн. Немістер сапындағы ойыншылармен кемінде әлем чемпионатының жартылай финалына шыға алатын 3 құрама жасап шығаруға болады. Мұның өзі көп сауалға жауап бергендей. Сонымен қатар, немістердің лидері болғысы келетін Киммих, Сане, Вернер сынды жас буынды атап өткім келеді.

Егер, Аргентина мен Португалияға биылғы мундиальды жеңу соңғы мүмкіндік болса, Германия бүгінгі мен болашақтың командасы.

Англия: Біріншіден – оларға ешкім сенбейді және олардың ойлары дұрыс та шығар. Сәтсіздікке ұшырап жүрген ойыншыларға қатысы жоқ жаңа леп – Алли , Кейн, Стоунз, Стерлинг. Бұларға дәл осы ұлттық құрама сапында біраз нәрсені дәлелдеу керек сияқты. Ағылшындықтардың ойыншылары талантты болғанымен, ойыны мардымсыз және іш пыстырарлық. Бірақ, биылғы доданы жеңіп кетпесіне кім кепіл.

Бельгия: Ағылшын премьер - лигасының жұлдыздарынан жасақталған өте жас құрама. Құрамында Азар мен Де Брюйне сынды допты ұршықша йіретін ойыншылардың нәтиже көрсетер кезеңі келген сияқты. Себебі Вертонген: «Біз дәл осы уақытты ұзақ күттік» деген болатын. Қаруланған мылтықтың атар кезі келді деген ойдамыз.

Испания: Қақпашы Давид Де Хеа, командадағы керемет атмосфера, Лопетегидің өзіндік тың идеялары. Биылғы мундиаль Рамос пен Пикенің және Иньестаның соңғы мүмкіндіктерінің бірі екенін айта кету керек. Испанияның жас буын шеберлері өсіп келе жатыр. Олар Раульдың замандастарының қателігін қайталап, үлкен додаларда сәтсіздікке ұшырағысы келмейтіні сөзсіз. Сол себепті Асенсио, Васкес, Иско сынды ойыншыларға үміт артып отырғандардың қатары мол.

Франция: Ерекше ойыншылардан жасақталған құрама. Еуродағы финал мен 2010 жылғы әлем чемпионатында Германиядан ұтылу – бұл құрамаға үлкен тәжірибе болды. Қорғаушылар аса сенімді болмаса да, Уго Льориспен шабуылдаушы құрам әзірге мінсіз. Гризман, Мбаппе сияқты ойыншылары бар құрама кемінде жартылай финалға қол созуы керек.

Бразилия: Өте адуынды команда. Жаттықтырушы Тите чемпионатқа баратын 15 ойыншының тізімін екі жарым ай бұрын беріп қойғанына қарағанда өте сенімді көрінеді. Шабуыл шегі түгелдей мықтылармен толықты. Қос қанатта Марсело мен Алвес бар. Ортада биыл футбол жанкүйерлерін таң қалдырған нәтижелі Паулиньо мен ортада ойқастаған Коутиньоны атап өткеніміз жөн. Және УЕФА Чемпиондар Лигасынан ұшып кеткеннен кейін әлем чемпионатында өз құрамасын шыңға шығаруға дайын Неймарды қалай атап өтпейміз.

Бұл біздің пікір. Дегенмен, «Салах Египетті қай межеге дейін жетелейді?», «Левандовскидің Польшасынан не күтеміз?», «Оңтүстік Америкалықтардың сенімді өкілдері Уругвай мен Колумбия сенсация жасай ала ма?», Алаң иелері Ресейдің тым болмағанда ойыны түзелді ме?» деген сұрақтарға жауап алатын күннің ауылы алыс емес.

Сіздің ойыңызша 2018 жылғы әлем чемпионы кім болмақ?