Қартаюдың неше жастан басталатыны жайлы түрлі ғылыми болжам бар. Жақында АҚШ зерттеушілері адам ағзасында 25 жастан бастап қартаюдың белгілері пайда бола бастайтынын мәлімдеді. Сол себепті осы жастан бастап қартаюдың алдын алу үшін тек косметолог мамандарына жүгініп ғана қоймай, күнделікті физикалық жаттығулар жасап, дұрыс тамақтанғаныңыз жөн.

Сонымен, сіз тез қартаймау үшін күнделікті өміріңізде мына қағидаларға бой ұсынуыңыз керек:

Үнемі қозғалыста жүріңіз. Төсектен тұрмай, төрт қабырғаға қарап отыра берсеңіз, өмірге деген құштарлығыңыз жоғалуы мүмкін.

Көкөністерді көп тұтыныңыз. Әсіресе сәбіз бен брокколидің ағзаға берер пайдасы мол. Сәбіздің құрамында каротин бар болса, брокколидің құрамында С дәрумені мол.

Көп қайнатылған суды ішпегеніңіз абзал. Судың бірнеше қайнатылуы оның қасиеттерін жоғалтады. Мүмкін болса, қайнатылмаған су ішіңіз, бірақ, максималды тазару үшін су сүзгілерін пайдаланғаныңыз дұрыс.
Ағзамызды толық қорыту үшін тәулігіне кем дегенде 2 литр су ішу керек. Бірақ, айтылған мөлшерден көп ішпеңіз. Себебі денеңіздегі зиянды заттармен қатар пайдалы дәрумендерден де айырылып қалуыңыз ықтимал.

Жаңғақтарды жеңіз. Себебі олардың құрамындағы E дәруменінің арқасында қартаю процесі баяулайды. Ең пайдалы жаңғақ – грек жаңғағы. Бірақ, күніне 100 граммнан артық жесеңіз, денсаулығыңызға зиян келтіруі мүмкін.

Күнара суда шомылыңыз. Шомылу әдетте бұлшық еттің белсенді қозғалысын тудырады, денсаулықты күшейтуге ықпал етеді, қан және лимфа айналымын жақсартып, тынысты кеңейтеді. Белгілі бір тәртіпті сақтаған жағдайда үнемі шомылу суық тиюден болатын аурулардың алдын алудың тиімді жолы екенін естеріңізге саламыз.

Күнделікті өмірде спортпен шұғылданып, белгілі бір диета ұстап, жүгірмесеңіз де, теңіз немесе көлдің жағалауында серуендеп қайтқаныңыз абзал.

Кеңесіміз керегіңізге жарасын.

Ақпарат Қазақ Радиосының «Керек дерек» хабарында айтылды.