Қадір түні – Мұхаммед пайғамбарымыздың үмметіне берген үлкен сыйы. Пайғамбарымыз бірде өзіне дейінгі қауымның 1000 жыл бойы Алланың жолында құлшылық етіп, іс-әрекеттер, амалдар жасағанын естиді. Сонда ардақты пайғамбарымыз іштей: «Менің үмметімнің ғұмыр жасы қысқа, сауабы да аз болды ғой» деп күрсінеді. Сонда Алла Тағала ең сүйікті құлының ішкі дүниесінің қалауына сый ретінде: «Бұл ай – мың айдан да қайырлы» деп, Қадір түнін береді.

Шалқар радиосы «Отанды сүю» бағдарламасының қонағы – Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Қанат Қыдырмин Қадір түнінің қадірлілігі жайлы әңгіме өрбітті.

«Егер, мұсылман сол түнді иманмен, Аллаға деген сеніммен өткізетін болса, бүкіл күнәләрі кешіріледі және мың айдан да артық құлшылық еткен болып есептеледі. Ғұламалардың мынандай бір сөзі бар: «Қадір түнінің қадірлі болуының себебі – құран» дейді. Қадір түннің бағасын көтерген нәрсе ол құран екен. Жалпы рамазан айы – ол құран айы. Ғұламалар: « Құран кімге түссе, соның дәрежесі көтеріледі» дейді. Мысалы, Алла Тағала сансыз періштелердің ішінде Жәбірейілді таңдап, құранды жәбірейілге берді. Құранның аманатын көтерген жәбірейіл періштенің дәрежесі өзгелерден биік болып кетті. Құран – адамзаттың ішінде таңдалған ардақты пайғамбарымызға түсірілді. Пайғамбарымызда өзгелермен салыстырғанда ең сүйікті. Құран –айлардың ішінде рамазан айында түсті. Сөйтіп барлық айдың ішінде рамазан айының шоқтығы биік болды. Құран – түндердің ішінде таңдалып, қадір түнінде түсті. Ол түннің қадірі те жоғары. Ендеше, құран кімнің шаңырағына кіретін болса, қандай да бір мұсылманның кеудесінде орныққан болса, сол адамның қоғамда да, Алланың алдында да дәрежесі биік болатындығының белгісін осы жерден көруге болады» - дейді имам.