Сахнадағы қарсыласы Бекарыс болмаса екен деп тілейтін айтыскерлер көп.  Бұл туралы Қазақ радиосының «Біздің мейман» бағдарламасында айтыскер Рүстем Қайыртай айтып берді.  

Рүстем Қайыртай өткен жылы ұлттық өнерді ұлықтаған 16 жобаға қатысты. Қоржынын жүлдемен толтырған ол  16 айтыстың тең жартысында жеңімпаз атанды. Бас жүлдеден бастап, бірінші, екінші орындарды жеңіп алған ақын Қызылордада өткен айтысты ерекше өткендігін атап өтті.
«Соңғы үш айтыс сахнадан жеребе бойынша жұптау өтті. Алматыға айтысқа ақындарды бір күн бұрын жұптады. Кішкене салиқалы және салмақтырақ шықсын деген ниетпен. Негізі айтыс оң жақтан бір көрермен, сол жақтан бір көрермен жеребемен шығып, ақындарды жұптайды. Алдағы уақытта да осы бағытта ұйымдастырылады деген ойдамын. Қызылордада Текей батырдың – 350 жылдығына орай ұйымдастырылған айтыста бір кісі Мұхтар Ниязовты, тағы бір кісі менің аты жөнімді атады.  Кіммен айтысатынымызды білмейміз. Бәріміз анталап тұрмыз. Алдын – ала  жұптап қойса, қарсыласың туралы ақпарат жинайсың. Бірақ, арнайы бір ай дайындалсаң да, сондай айтыс шыға қоймайтын айтыс болды. Биыл айтыса алатынымды дәлелдей алған осы айтыс болды. Сахнада Мұхтар Ниязовпен 40 минут айтысқаным тіпті көпшіліктің көңілінен шықты» - дейді айтыскер, ақын Рүстем Қайыртай.

Ақын ер адамдармен айтысқанды құп көреді екен. Бағдарлама барысында айтыскер оң жамбасына келетін сахна серіктерін де атап өтті. Олар: Аспанбек Шұғатаев, Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров, Ринат Зайытов.

Ал, Бекарыс Шойбековпен айтысуға шорқақтайтытын жасырмады.

«Кез-келген қарсыласыңмен айтса бересің. Тек дайындық жақсы болса, болғаны. Қолыңнан келмейтін еш нәрсе жоқ. Кітапханаға барасың, қарсыласың туралы ақпарат жинайсың. Қызға не айтасың? Ер азаматқа не айтасың? Барлығы дайындықпен келеді. Кез- келген ақынмен шығатын едім. Тек Бекарыс болмаса болды. Себебі, ішкі түйсігім Бекарыс Шойбековке жолықтырмаса екен деймін. Кез-келген ақын солай ойлайды деп ойлаймын. Бекарыстың тапқырлығындай, ол бір жеріңнен іліп алса, түбіңе жетпей қоймайтын ақын. Мойындау керек, бұл енді менің Бекарыстан қорқамын деген сөз емес. Қайта, Бекарыс ағаға деген құрметім. Айтысқа қосқаның оның үлесі басым. Сондықтан, кейде Бекарыс ағаға жолықтырмаса екен деп, кейде ішімізден тілейміз», - дейді ол.