Өмірдің ақиқатын астарлы әзілмен жеткізіп, «Берекелі мереке» атты рухани патриоттық қойылымдарымен ерекшеленіп жүрген «Өнер қырандары» театрының ұжымы қасиетті Қадір түнінде Қазақ радиосына арнайы келіп, тағылым алар ғибратты, салиқалы әңгімелер айтты. Сонымен қатар, алғаш рет өздерінің сауапты да, қайырымды істерін жария етті.

Ізгі ниетті азаматтар бастамашы болған«Харекет» қайырымдылық қоры «1000 теңгеге - баспана» акциясы аясында 8 баланың анасы Жеңісгүл Ермұхамедке Қазақ радиосы студиясында баспана кілтін табыс етті.
«Қасиетті Рамазан айындағы Қадір түні баршаңызға қайырлы, құтты болсын! Бүгін дұға еткен барлық мұсылман қауымның ниет-тілектері қабыл болсын! «Харекет» қайырымдылық қорының арқасында баспаналы болып жатырмыз. Бұл қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Біріншіден, ұрпақ – рахымы мол раббым Алланың берген сыйы. Сондықтан Тәңірім тарту еткен баланы көп көргем жоқ. Екіншіден, қазақтың қарасын көбейту үшін де тәуекелге бардым. Сондықтан азды-көпті қиындықтарға қарамай осы балаларды жеткізіп, тәрбиелеп келеміз. Балаларымның алды 19-да, арты 5-те. Алла әділ ғой! Бүгін сол еңбегімнің көрінісі әрі жемісі- қасиетті Қадір түнінде баспаналы болып, шаттанып отырмыз. Баршаңызға рахмет!», - деді қуаныштан толқыған көп баланы ана.

Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған

«Өнер қырандары» ұжымының «Харекет» қайырымдылық қорын құрғандағы басты ұстанымы осы.

«Бұл бастама елімізде баспанасыз қазақ болмаса екен деген ниеттен туған еді. Бастапқыда қор «1000 теңгеге баспана» деген атпен ашылған болатын. Былай қарасақ, мың теңге қайда кетпей жатыр? Сондықтан жағдайы бар әрбір адам тым құрыса айына 1000 теңгеден қайырымдылыққа салып отырса, қаншама мұқтаж жандардың жолы ашылып, баспаналы болар еді. Елімізде қайырымды, ізгі ниетті кісілер өте көп, қорға 1000 теңгеден де көп сомада қаржы салып жатқандар жетерлік. Біз бірінші кезекте мұқтаж, көп балалы, жағдайы тым нашар адамдарды назарға аламыз»,- дейді театр әртісі Жанболат Найзабек.