Дін мен дәстүр үйлескенде – дін дамиды, дәстүр байиды. Ұлтымыз діннің рухын сезіп, көнермес құндылығына айналдырды. Оның әрбір қағидасын мақал - мәтелге, аңыз - әңгімеге, жыр - дастанына арқау етіп, болмысына сіңіріп алған. 

 «Ислам қазақ даласына өзінің шынайы болмысымен келді. Егер ол: «Мәдениетіңді менен бастайсың, дәстүріңе балта шабасың, тарихыңды тексіздік деп танисың»,- деп кейбір кереғар ағым өкілдері айтып жүрген агрессияшыл мінездермен келген болса, қазақ исламды қабылдай алмас еді. Қазақ сол исламды таныды. Түсінді. Жанына жақын етіп, қалтқысыз қабылдады. Соның арқасында бүгінге дейін сол болмысымыз, дініміз сақталып отыр. Мысалы, рамазан айы қазақтың қанша дәстүрімен астасып кетті. Жарамазан айту қазақпен қатар, басқа да бірқатар халықта бар. Алайда күн сайын жарамазан айтып, оны осыншалық дәрежеде дәріптеу тек бізге тән деп ойлаймын. Қазір, Астанада, әлеуметтік желіде жас балалардың жарамазан айтқанын көріп, қуанасыз. Ал ауызашар беру, дастархан жаю - қазақтың болмысына сіңіп кеткен. Ауызашар дегеніңіз онсыз да көңілі кең, қонақжай, дастарханы ашық қазаққа сауап үстіне сауап қосатын, садақа үстіне садақа беретін үлкен бір себеп болды. Таңертең үлкендермен жарыса ауыз бекітуінің өзі балалар үшін қызық, қуаныш. Ал, адамға қызмет ету, ауыз бекітіп отырған адамның ас суын дайындап беру – елдің айнымас дәстүріне айналған. Біздің болмысымыздың қай қырын алып қарасаңыз да дін мен дәстүр бірлігіне ұшан теңіз мысалдар табуға болады»,-деді Қазақ радиолары ұйымдастырған «Қайырымы мол Қадір түні» хабарына келген теолог-ғалым Айнұр Әбдірәсілқызы.