Қазақ радиолары ұйымдастырған «Қайырымы мол Қадір түні» хабарына келген теолог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлгіне қарасты Республикалық орталық директоры Айнұр Әбдірәсілқызы қазақ қоғамының ислам дінін қабылдауы, Қадір түнінің қасиеті, дін мен дәстүр бірлігі хақында ғибратты әңгіме айтып, ой-пікірін ортаға салған еді. Осы шарадан кейін Айнұр Әбдірәсілқызы өзінің эфирден алған әсерін, көзқарасын былай деп жеткізеді:
«Сүйер ұлың болса, сен сүй...»

"Кеше ғана Қазақ елі сағына қауышып, құлшына мерекелеп, қимай қоштасқан қасиетті Қадір түні биылғы жылы тағы бір ерекше үрдіспен есте қалды. Бұл жолғы жағымды жаңалықтың иесі – ұлттың үнжариясы – «Қазақ радиосы» болды.
Қадір түні қарсаңында радио ұжымы жеті жыл ұмыт қалған ұлағатты үрдісті жалғастырып, кешкі тоғыздан таңғы алтыға дейін тікелей эфирде қызмет етіп, қастерлі кешті ұлтпен берге ұлықтады.
Ғибратты мазмұнға, имани уызға бай, дәстүрлі дүниетанымнан бастау алып, исламның тұңғиық ілімінен сыр шерткен, мәңгілік мәнділікке деген сағыныш сазына толы жыр маржанымен астаса өрілген әсем әуезді хабарлар «Қазақ радиосының» қазыналы төрінен «Шалқардың» шалқыма эфиріне ұласып жатты.
Радионың тікелей эфирге қосылып, егіз арна, тел ағыс болып қатар аққан кезеңі де осы қасиетті Қадір түніне сай келді. Сыр пернесін тауып шертсе, ән-күй ғана емес, аталы сөздің де «құлақтан кіріп бойды алар» құдіреті барын қалың тыңдарман «Қазақ радиосымен» қатар сезінгендей...
«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйсінуге ол жарар» деп аталарымыз айтқандай, елдің жанын жадыратар игі іс тындырған Қазақ радиосының берекелі ұжымына қарапайым тыңдарманның бірі ретінде алғаусыз алғысымды білдіргім келеді. Қазақ елімен бірге қарсы алған қастерлі түн мен арайлы таңда айтылған ақ тілектеріңіз оңынан орындалсын! Ұлт руханияты жолында атқарар ұлағатты істеріңіз баянды болғай!".