13 маусымда Астана және Алматы қалаларында «Суперотбасы-2» фильмінің қазақ тілінде алдын ала көрсетілімдері өтті.

«Болашақ» Қауымдастығының Корпоративтік Қоры, BI Group компаниясы, Walt Disney Pictures және Pixar студиялары көптен күткен «Суперсемейка-2»/«Суперотбасы-2» фильмін қазақ тілінде көрермендерге ұсынды.

14 жыл өткен соң, «Суперотбасы» анимациялық фильмінің жанкүйерлері көптен күткен оқиғаның жалғасын көруге мүмкіндік алды. Осы уақыттың ішінде көп нәрсе өзгерді, бірақ «Суперотбасы» кейіпкерлері сол қалпында қалды. Фильмның екінші бөлімінде режиссер Брэд Бёрд барлық назарды Мистер Ерекшеге емес, оның жұбайына аударуды ұйғарды. Фильмнің желісі бойынша Хелен Парр отбасының көшбасшысы, ал оның күйеуі Джек-Джек балақайдың тәрбиесімен айналысатын болады. Яғни, көрермендер бұл жолы жақсы көретін Мистер Ерекшені басқа қырынан көреді. Ол енді супербатыр костюмінде пайда болмайды, оның есесіне әйелі ғаламды құтқару үшін қауіпті миссияға бара жатқанда, үш балаға қамқор болып қалады.

«Суперотбасы-2» - «Болашақ» Қауымдастығының Корпоративтік Қорымен қазақ тіліне дубляждаған 24-ші фильм болып табылады. Қазақ тіліндегі дубляж режиссері - Шах-Мұрат Ордабаев.

«Мен үшін «Суперотбасы-2» фильмі «Коконың құпиясы», «Галактика сақшылары. 2 бөлім» және «Өрмекші-адам. Қайта оралу» фильмдерінен кейінгі жобадағы толыққанды төртінші жұмысым. Бұл фильм біздің ата - аналарымыз, біздің супербатырларымыз жайлы. Бұл фильмді дубляждау барысына тек театр әртістері ғана емес, сондай-ақ киноактерлар да қатысты. Әрдайым біз жаңа актерлерді ашуға тырысамыз. Дубляж актерлерін іздестіру мақсатында біз үлкен кастинг өткіздік. Ұзақ уақыт бойы Виолетта кейіпкері үшін дауыс таба алмадық, фильмнің дубляж тобы театрдың жас актрисасы - Айкөркем Әділгерееваны ашпас бұрын, бүкіл Қазақстан бойынша іздеу жүргіздік. Басты кейіпкерлердің бірі - Желаяқты жас актер Дидар Құралбаев дыбыстады. Оның жасы небары 11–де, соған қарамастан, ол «Коконың құпиясы» мультфильмін дубляждаған Ақарыс Әшімханға жақсы бәсекелес бола алады. Бір қызығы, фильммен жұмыс барысында мен әйел адамды дыбыстадым. Эдна Мод – бірқилы мінезді супербатырларға арналған киім дизайнері, мен дыбыстаған 20-шы Disney кейіпкері. Жалпы айтқанда, дубляжға 60-тан аса актер қатысты. Қорытындылай келсем, «Суперотбасы-2» - махаббат пен әзілге толы жылы отбасылық мультфильм. Мен көрермендерге қазақ тіліндегі нұсқасына бүкіл отбасымен баруға ұсынамын», - деді дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев.

Астана және Алматы қалаларында алдын ала көрсетілім Kinopark 7 IMAX «Керуен» және Kinopark 11 IMAX Esentai Mall кинотеатрларында өтті.

Іс-шараға жобаның идеялық демеушісі және «Болашақ» Корпоративтік Қорының Қамқоршылық Кеңесінің Төрағасы Бауыржан Байбек, «Болашақ» Қауымдастығының Кеңес Төрағасы, ҚР Мәжіліс Парламентінің депутаты Бахтияр Мәкен, сонымен қатар, дубляж актерлері, демеушілер, мәдени және шығармашылық интеллигенция өкілдері, жастар ұйымдарының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері, БАҚ өкілдері және блогерлер қатысты.

Жоба ұйымдастырушылары: «Болашақ» Қауымдастығының Корпоративтік Қоры, «Marwin» компаниясының қолдауымен.

Дубляждың демеушісі: BI Group компаниясы.

Астанада алдын ала көрсетілім «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өтті.

Алматыда алдын ала көрсетілім қала әкімдігінің қолдауымен өтті.

Дубляж жайында қызықты ақпараттар:

* Айкөркем Әділгереева (кейіпкері - Виолетта) және Дидар Құралбаев (кейіпкері – Шастик) үшін аталған фильмдегі жұмыс дебюттық болды.

* Қазақ тілінде «Шастик» аты «Желаяқ» деп аударылды.

* Эдна Модты түпнұсқасында фильмнің режиссері Брэд Бёрд дыбыстаса, қазақша нұсқада дубляждың режиссері Шах-Мұрат Ордабаев дыбыстады.

14 маусымнан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан қазақ тілінде «Суперотбасы-2» мультфильмін көріңіздер!