Астананың 20 жылдық қалыптасу және қарышты даму кезеңі туралы сөз еткенде, міндетті түрде жасыл желек жамылған келбетіне тоқталу керек. Өйткені, бұл қадам – қала­ның экологиялық инфра­құры­лымының маңызды элементіне айналды. Елордамыз Арқа төсіне орын тепкен алғашқы жылдары, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Астана маңындағы орман алқабын дамыту туралы шешімді бірден қолға алып еді. Нәтижесінде, осы күнге дейін 80 мыңға жуық гектар жерге ағаш отырғы­зылып, 2020 жылға қарай оның аумағы 100 мың гектарға жетеді деп жоспарлануда. Жасампаз шаһардың жасыл белдеуге орануына Қазақ Өсімдік Қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының мамандары да тер тегуде. Соның ішінде Ағаштарды түрлі зиянкестерден қорғап, кез келген ауа райына төзімділігін жіті қадағалайтын маман Нұржан Мұхамеджановпен арнайы тілдескен едік.

1998 жылы Астана маңына орман ағаштарын егу туралы шешім қабылданғанда, күдік пен сенімсіздік көп болды. «Шөл далаға орман өспейді, тек бұта-жусан өсуі мүмкін» деген пікірлер көп айтылып еді. Қазір 20 жылдан кейін Астана маңы адам танымастай өзгерді. Мұның бәрі -Елбасының тікелей бақылап отыруы мен жұмысшылардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Жылда орман ішіне 150-200-ге жуық қырғауыл құстары, 50-ден астам еліктер жіберіледі. Аймақ екпелерінде марал, булан, суыр, дала қасқыры, аңдатыр, қоян және кіші тышқандар мекендейді. Сонымен қоса, балқарағай торғайы, көк қарға, шиқылдақ және т.б қанаттылар бар. Міне, осы тіршілік иелерін көбейту жолында еңбек етуіміз керек. Өйткені, соңғы жылдары орман ішінде зиянкестер пайда болып жатыр. Осы тұста Қазақ өсімдік қорғау ғылыми институты үлкен үлес қосуда деп айта алам. Екі жылдан бері «Жасыл аймақ» мекемесінің арнайы шақыртуымен барып, мониторинг жүргіземіз. Біздің ғылыми институттың потенттелген «Ақ көбелек»атты биопрепараты бар. Міне, осы құрылғының көмегімен жұмыс істейміз. Оның ерекшелігін сұрасаңыз, қоршаған ортаға да, адамдарға да еш зиянсыз боп келеді. Былтыр 500 кг қолданып, нәтижесінде зиянкестер 90 пайызға дейін жойылды. Бірақ, өрмекші-құстарымыз зардап шеккен жоқ. Негізінде, жаңадан өсіп келе жатқан орманды химиялық препараттармен улай берсек, пайдалы бунақденелілерден айырылып қаламыз. Ал, «Ақ көбелек» - таптырмайтын құрал боп табылады. Сонымен қатар, Астана ормандарына Қытай терегін отырғызуды жоспарлап отырмыз. Өйткені, бұл ағаш суыққа өте төзімді. Астана ормандары – Елорданың сәнін одан сайын арттырып, жас қаламен бірге өркендеп келеді. Осы саланың маманы ретінде аянбай еңбек ете бермекпіз.