Қазақ радиосындағы «Ән шеру» бағдарламасы жаңа форматта жарық көрмек. Қазақстандық әншілерді арнайы критерий бойынша үшке - «Жоғары», «Бірінші», «Екінші» лигаға бөліп, жеке-жеке байқау ұйымдастырады. 

Жобаның мақсаты - қазақ эстрадасындағы әншілердің жұмысына мониторинг жасап, қорытындысы бойынша лигаға бөліп, рейтинг беру. Осы арқылы эстрададағы әндерді қоғамдық сүзгіден өткізіп, әншілердің жыл бойғы еңбегінің нәтижесін анықтау. 

Танымал журналист Әсел Ергешқызы жүргізетін «Ән шеру» хабары бұрыннан ән байқау ұйымдастырып келе жатқан еді. Оған бүкіл әншілердің әндері қатыса беретін. Алайда жаңа формат бойынша әр лиганың әншілерінің әндеріне бөлек дауыс беріледі. 

Аптасына бір рет - дүйсенбіде өтетін бағдарламада әр лиганың алғашқы бестігі атап өтіледі. Сонымен қатар, лигаға енген әншілер туралы ақпарат беріледі.

Жоба жүргізушісі - жоғарыда атап өткендей, Әсел Ергешқызы, жоба сарапшылары - Айнұр Абайқызы мен Саясат Идеятұлы.

Бағдарламаның бүгінгі хабарында жалпы түсіндіру жұмыстары түсіндіріледі. Сонымен қатар лигалардың критерийіне сай келіп тұрған әншілердің алғашқы легі сайтқа енгізіледі. Дауыс беруге ресми старт беріледі.

Айта кетейік, "Ән шерудің" Жұлдыздар лигасына кіру үшін белгіленген критерийлер бойынша сай келген әншілердің өздері есептеп, өтініш білдіруге болады. Ол үшін лига туралы ақпаратқа кіріп, танысып шыққан соң, өтінішті qazaqradiolary@gmail.com поштасына жолдауы тиіс.