Ақын Еркебұлан Қайназар айтыс алаңына алғаш шыққан кезде Айбек Қалиевтың мақамымен айтысқан екен. Бұл туралы сөз мергені Шалқар радиосындағы «Таңжарық» ақпаратты-сазды, танымдық бағдарламасында бөлісті.

Уақыт өте келе айтыскер сегіз буынды мақамға көшкен. Алайда, қазіргі жас ақындарда ізденіс жоқ, сондықтан, айтыста ерекше мақам қалыптастыра алмай келетінін алға тартты.

«Қазіргі таңда ақындар арасында мақам шынында өзекті мәселеге айналды. Бұрын Мелс Қосымбаев шыққан кезде, бүкіл халық білетін. Ай-хай-ахаумен айғайлап шыққанда бірден Бекарыс Шойбековты танитын. Немесе арқаның сал-серілері сияқты қоңыр-баяу, әдемі тебіренген үнді естіген халық Аманжол Әлтаев, Дәулеткерей Кәпұлыны да көпшілік бірден танитын. Хайләйліммен шыққан кезде Айт Ақын немесе Балғынбек Имашев екенін бірден білетін. Ораздың да өз қолтаңбасы болды. Қазіргі таңда осы үлкен өзекті мәселеге айналды. Оны өзімізден бастауға болады. Неге ақсап тұр?

Себебі, қазіргі ақындардың барлығы дайын нәрсеге келді. Бұл 1998 жылдары айтыста үлкен прогресс болды ғой, даму болды. Көркемдік жағынан да, орындаушылық жағынан да биіктеді. Біздің барлығымыз сол дайын айтысқа келдік. Кез-келген мақам дайын, шамаңыз келеді ма айта беріңіз. Кімнің ыңғайы қайсысына келеді? Сол бағытта өнер көрсетіп жүр. Сондықтан, ешбір айтыскер ізденіспен келген жоқ. Шырынбек Қойлыбаев деген ағамыз бар. Өзінің мақамы бар. Ол кісі ескі сарын мен қазіргі мақамның басын қосып, өзінің қолтаңбасын қалыптастырып үлгерді.

Мақамға қатысты себептердің бірі, аймаққа қатысты ерекшеліктердің сақталмауы. Мысалы, Мұхтар Ниязов бауырымыз аузынан алтын төгілген ақын, бірақ, дегенмен ол сырдың топырағында туып, жетісудың мақамымен айтқаны - өзінің табиғатына келмей тұрады», - дейді ақын Еркебұлан Қайназар.