Клинингтік бизнестің қыр-сырын меңгерген ханымдар өз істерін тек әйелдер ғана жақсы атқарады дейді. Осы салада кәсібін дөңгелетіп отырған Əсем Шөкеева Астана радиосындағы «БИЗНЕС TIME» ақпаратты-танымдық хабарында берген сұхбат барысында осылай деді.
«Біз тек қана қызмет көрсету саласында бизнес бастаймыз деп келістік. Сол салада қандай қызметтер бар, қандай жағынан бизнес ашуға болады, соны қарастырып, клинингтік бизнесті таңдадық. Қазіргі таңда, тек қана фудкомпанияларға қызмет көрсетеміз. Алғашында пәтерлерді жинаудан бастағанбыз. Толық тазалау жұмысын жасадық, кейін тек қана үйлерді жөндеуден өткізгеннен кейін ғана жинауға көштік. Одан кейін үлкен ғимараттарды жинадық. Бұл салаға көшкен себебіміз, бір өтінім түсті. Суық қойманы жинауға қажет болды. Екі қойма, біреуі 500 шаршы метр, екіншісі 30 шаршы метрді құрады. Ғимараттың іші салқын. Яғни, – 18 °С құрайды. Кейін, біз осындай ғимараттарды жинай алатын, қызметкерлерді жинадық. Қазір, тұрақты тұтынушыларымыз бар. Клининг – әйелдердің істері. Өз жұмысымызды сапалы орындаймыз. Сапа көрсеткіші барлық жерде қажет», - дейді кәсіпкер.
Бизнес саласында 7 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан серіктестік жеке келісім шартпен жұмыс жасап келеді. Бүгінде 40-қа жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

Клинингтік бизнестің қыр-сырын меңгерген ханымдар тендерге қатыспайды екен. Себебі, тендердің тиімсіз тұстары көп дейді Əсем Шөкеева.