Әнші Ернар Айдар жақсы әнді қазақ тілінде жеткізу - мақсатым деп санайды. Ол қазақ композиторларында ән бітіп қалды немесе басқа ән табылмай қалды деп есептемейді.  Музыкант бұл ойын Қазақ радиосының «Көркемдік кеңес» бағдарламасында айтты.

«Сover нұсқадағы әндер танымал болуыма көмектесе алды. «Сонда да сүйем», «Сүйіп алам», тағы біраз әндер - басқа елдің шығармалары. Мәселен, «Сүйіп алам» - грек әні. Әннің авторын мен білмеймін. Орындаушысын танимын. Бірақ, барлық әндерде авторлық құқық сақталған деп айта алмаймын. Себебі, біз ол жаққа шықсақ та, олар жауап бермейді. Содан кейін күтіп жүрмін. Мүмкін бізді естіп, хабарласып жатса, адамбыз ғой барлығымыз. Келісіп, авторлық құқығын берер деген үміттеміз.
Мәселен, «Күнім сен сөнбеші» әнінің авторына жаздық, бірақ жауап бермеді. Номерін табуға тырысамыз, хабарласамыз. Бірақ әлі күнге дейін ешбір жауап алған жоқпыз. Бірақ, әнді жарыққа шығара бердік. Әнді тыңдапты ол кісілер. Сосын хабарласты. Сонымен, сөйлестік. Әуен ұнаса болды, сол әуенге өлең жаздырамын. Сөздерін Бауыржан Есебаевқа, Қуаныш Аманқұловқа, Ринат Зайытовқа жаздырамын», - дейді әнші Ернар Айдар.