Жаңа жылда Мөлдір Әуелбекова жанкүйерлерін жағымды жаңалығымен қуантты. Енді ол тек, әнші актриса ғана емес, продюсер атанды.

«Шәкірт тәрбиелеу біраз уақыттан бері ойымда бар болатын. Себепкер өзімнің ұстазым Төлешова Люция апай. Магистратураны тәмамдағаннан соң апайым ұстаздыққа дайынсыңдар. Білімдеріңмен бөлісіңдер, шәкірт алыңдар» деген сөздеріне құлақ астым. Содан міне араға жеті жыл салып шәкірт тәрбиелеуге бел будым»,- дейді әнші.

400 – ге жуық қыздар қатысқан өте ауқымды іріктеу үш күнге және жеті турға созылыпты. Әнші үміткерлердің дауыстарын тыңдап қана қоймай, биге икемдерін де назарға алған. «NAZAR» деген атауды іріктеуден өткен қыздардың өздері ұсынған.

«Жанды дауыста мағыналы, есті әндер орындау міндеттелген. Ашық әурет жерлерін көрсетпейді. Тәртіп – басты талабым. Әртүрлі жанрда ән шырқайтын болады. Жеке шығармашылық пен топ жұмысын қатар алу оңай емес. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Қолдан келгенше үлгеруге тырысып бағатын боламыз. Алла бұйырғанын көрерміз», - дейді Мөлдір Әуелбекова.