Дастарханы мол, пейілі кең қазақ халқының қонақжайлылығына таң қалмайтын ел жоқ. «Құдайы қонақпын» десе, күліп қарсы алатын бұрыңғы қазақ пен бүгінгі қазақтың қонақ күтуінде не өзгешелік бар.

Ақбота Қанайқызы жүргізетін «Өнегелі отбасы» хабарының қонағы - филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлел осы мәселеге жауап іздеп көрді.
«Қазір біз қонақ күтуді қиындатып алдық. Қонақ күту үшін кем дегенде 50-60 мың теңге керек. Бірақ желінетіні шамалы ғана. Ғани Бейсенбаев былай дейді: «Бұрын қонақ күту қарапайым болатын. Себебі ет асасын, бауырсағын пісіресін, сары майын қоясын, қантыңды қоясын - болды шаруа». Ал қазір қонақ мәзірін күрделендіріп жібергенбіз және бұл қазақтың бір-бірімен араласуына өз кедергісін келтіріп отыр. Сол себепті қазіргі әйелдер «қонақ алып келем» десең, зар жылайды. Өйткені ұялады. Өлшем сондай болып кеткен. Бұрыңғы қазақтар «Барымен базар», «Жоққа жүйрік жетпейді», «Ең басты мәселе етте емес, ниетте» деп, қазақы көңілмен күтетін. Ал қазір бәрін дастарханмен өлшейтін болдық» –, дейді филолог.