Қазақ радиосының «Көркемдік кеңес» бағдарламасында қазақ ән өнеріндегі жаңа шығармаларға кәсіби талдау жасалып, белгілі ақын, әнші, композиторлар ән туралы сын-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салады. Бағдарламаның бұл реткі санында « Қазақ әндерінің тақырып аясы және жаңалықтары» тақырыбында танымал әндердің авторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалық, белгілі ақындар Талант Арғынғали және Серікзат Дүйсенғазин ой бөліседі.
Бүгінгі әндерді талқыға салмас бұрын қазақ әндерінің арғы тарихына, жанрларына, мазмұнына үңілуді ұсынған бағдарламаның музыкалық сарапшысы Айнұр Абайқызы: «ән- адам жанын, ішкі сезімін, рухани таным,түйсігін, арманын ойын, тарихын паш ететін рухани , көркем жат» дей келе, әннің тақырыптық аясы, көрсеткіші оның танымында жатыр деген пікірін білдірді:

Айнұр Абайқызы:
Ән- эстетика, мәдениет.Ән –ғасырлық мәдениетіміздің көркем формасы, заманның тарихи шежіресі. Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов: «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген еді. Сөздің өзі де үн, әуен! Сондықтан әннің әуеніне қалай мән берілсе, сөзіне де солай ден қойылуы керек! Көңіл көтеретін, сауыққа арналған әннен терең мәтін сұрамайсыз. Өйткені, оның сөзі сол әуенге сұранып тұруы мүмкін. Сондықтан құлаққа жеңіл мәтін жазуға болады. Бірақ, белгілі бір әдептен, поэзияның заңдылықтарынан аспауы керек! Әнді тыңдағанда ең бірінші музыкасына, ал, музыкасы түсініксіз болса мәтінге мән бересіз. Мәтіні дұрыс болмаған әннің сапасы бар деп айту қиын!