Биыл елордамыз Астана қаласы 20 жылдық мерейтойын тойламақ. 1999 жылы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығымен марапатталған жас астананың дамуына бұл кезең оңайлықпен берілген жоқ.
Сол жылдары жас қаланы аяққа тұрғызу үшін салынған күш жайында Қазақ радиосының «Астана жылнамасы» бағдарламасында белгілі сәулетші Байғұтты Тортай айтып берді.
«Қатардағы сәулетшілерміз ғой, мемлекеттің сол кездегі мүмкіндігін, әл-ауқатын біз біле бермедік. Үлкен бастаманы Президенттің өзі қолдағаннан кейін, біз ешқандай күдіксіз келешекте осындай жоспарлардың орындалатына сеніммен келдік. Соны күттік. Әрине, біз жақсы ғимараттардың сызбасын ұсындық. Астананың ол кездегі көлемі – шағын қала, екі көше ғана бар. Біз келгенге дейін бет-келбетін сәл-сәл әрлеп қойған кез болған. Сырт жақтарындa, былай айтқанда, «город без бордюра» болатын. Барлығымыз батпағын кешіп жүріп, жұмысқа барып жүрдік. Бірақ біз жобалаушы ретінде макетін жасап отырғаннан кейін, қай көше қандай боларын көз алдымызға елестете білдік» - дейді сәулетші.