Футзалдан ұлттық құраманың бас бапкер қызметін босататынын мәлімдеген Какау, бұған ақшаның еш қатысы жоқ екенін айтты. Бұл туралы пікірін Еуро 2018 бәсекесінен кейін жеткізді.
«Мен шаршадым. Қазақстанда жүргеніме 11 жыл болды. Менде басқа құрама да, клуб та жоқ. Ұлттық құрамаға да, клубқа да басқа бапкер керек деп ойлаймын. Әрине, «Какау, жарайсың!», «Какау, кетпе!» - деп жатқан жанкүйерлерімнің алдында өте қиын. Бірақ мен барымды сарқып бердім. Ақша үшін кетіп бара жатқан жоқпын. Өйткені мені басқа жерде күтіп тұрған жұмысым жоқ» - дейді бапкер.
Айта кетейік, Словенияда өткен Еуро-2018 турнирінде Қазақстан құрамасы жартылай финалға жетіп, үшінші орын үшін болған ойында Ресейліктерге жол берген еді. Ұлттық құрама Еуропа чемпионатына осымен екінші рет қатысып отыр.