Оспанханның жауабы
Қаңтардың қақаған аязды таңы. Оспанхан ерте тұрып, малақайын баса киіп, көшенің келесі бетіндегі гастроном алдында ары-бері теңселіп жүреді.
Қарсы алдынан қалың қара тон киген, аяғында пимасы бар кезекші милиционер шыға келеді. Миллиционер Осекеңе одырая қарап, ары өтіп кетеді. Осекем кері қарай жүргенде милиционер тағы алдынан шығады.
Осылайша үшінші рет бетпе-бет кездескенде, милиционер:
– Неғып жүрсің? – деп арс ете қалады. Осекең лезде:
– Е, адам болғаннан кейін жүреді, ит болғаннан кейін үреді, – депті дейді.
***
Сөйтсе, гастроном әлі ашылмаған екен. Осекем өткен түнде ішіңкіреп қойған ба, таңдайы кеуіп, бір шөл әкетіп бара жатқан соң, көшенің қарсы бетіндегі «алқаштардың ақ үйі» атанып кеткен жазушылар үйінен ертерек шығып, магазиннің ашылуын асыға күтіп жүрген сәті екен де.
Сөйтіп тұрғанда, бірте-бірте таныс (бөтелкелес) жолдастары жинала бастайды. Бәрінің бастығы Хизмет Абдуллин деген жазушы.
Магазин ашылған соң, Хизмет-ака жиналған топқа:
– Қане, ақша салыңдар, кімде не бар? Міне, менде атаңның басы бар, – деп алақанын ашса, Лениннің суреті салынған ап-ауыр бір сомдық шақа екен.
Хизмет-аканың алақанына біреу бір сом, біреу үш сом, әркім барын салып жатады.
Хизмет-ака Оспанханға қарап:
– Сен не саласың? – дейді.
Осекең қынжылған кейіп танытып:
– Маған бір жолға қарызға бере тұрыңдар. Үйде үш сом ақша бар еді, қатыны түскір, мебель сатып алып қойыпты, – деді.
Хизмет:
– Кет, сандалма, үш сомға кім мебель береді? – деп ажыраяды.
– Оқтауды айтам, оқтау, – депті Осекем аянышты үнмен.
Жиналғандар мәз болып күледі, сонда Хизмет-ака мырзалық жасап:
– Мен қазір бір нәрсені көрсетемін. Шын ақын болсаң, соған табан астында, экспротом, бір ауыз өлең шығарасың. Келісесің бе? Келіссең, сені топқа қосамыз.
– Құдай аузыма не салады, көрейін енді, – дейді Осекем ыршып тұрып.
– Міне, – дейді Хизмет витринаның сатпақ-сатпақ шынысының аржағында жатқан, екі көзі ағып кеткен, кеуіңкіреп қалған балықты нұсқап.
Осекем үңіліп қараса, астында өшіңкіреп қалған «ставрида» деген жазу бар екен. Сонда ақын арқаланып, бойын тіктеп, сұстанып тұрып:
– Ассалаумағалейкум, ставрида! Әлі өтпей жатырмысың, мыстан рыба?! депті ғой.
– Әй, ерім-ай, әй, бөрім-ай! – деп жұрт риза болып, уралап тұрып, портвейн деген шарапты бөліп ішкен екен дейді.
Бір кем дүние.

Тесіктен алақандай...
Жаның жаннатта болғыр Мәди ақын:
Ішінде абақтының біз жатамыз,
Көңілді құмалақпен жұбатамыз.
Алыстан іздеп келген ағайынға
Тесіктен алақандай жұбатамыз,–
деген екен. Құдайдың құдіреті, дәл осы хәл бес жасымда менің басымнан өтті.
Әкем Мұртазаны, ауылдағы тағы бес-алты кісіні 1937 жылдың желтоқсанында бір түнде тұтқындап, Борандының түрмесіне апарып қамап тастады.
Қамалғандардың жұбайлары жиналып, Борандының абақтысына барсын. Анам Айша мені де ілестіріп алған.
Барсақ, түрме есігінің алдында мылтығын шошайта ұстап, шошақ бас бөрік киген, көзі іріңдеген, ұзын бойлы қарауыл тұр.
Ешкімді есік жаққа жолатпайды.
Айша маған сыбырлап:
– Анау есіктің алақандай тесігін көрдің бе? – деді.
– Көрдім.
– Ана қарауыл теріс айналып кеткенде, сол тесікке жүгіріп бар да, «Жәке, Жәке» деп айқайла.
Қарауыл түрменің темір торлы терезелеріне кете бергенде, мен есікке құлдыраңдап жүгіріп жетіп:
– Жәке! Жәке! – деп айқайлайын.
Қарауыл түрменің темір торлы терезелеріне кете бергенде, мен есікке құлдыраңдап жүгіріп жетіп:
– Жәке! Жәке! – деп айқайлайын.
Іш жақтан әлдекімдер:
– Ей, Мұртаза, балаң келді, балаң келді, – деп жатты.
Жәкем тесікке келіп, тесіктен шиыршықталған бір қағазды маған ұсына берді.
Сол сол екен, бір алып күш шапанымның желке тұсынан бүріп ұстап алып, шиіріп тұрып лақтырып кеп жіберді.
Басым үйінді қарға кіріп кетіпті. Айша мені қардан суырып алып, үсті-басымды қаққылады.
Жұдырығым қатты жұмылып қалған екен, алақанымды әрең ашып, әлгі шиыршықталған қағазды анама бердім.
Былай шығып, қағазды ашып қараса, «Зингер» тігін машинасының төрт инесі екен.
Бұл не сонда? Ненің белгісі? Содан бері де жетпіс жылдан асып кетті. Әлі күнге дейін сол жұмбақ шешілмейді. Шығыс Сібірдің Зея деген өзенінің жағасында қалған Мұртаза не айтпақ болды?
Бір кем дүние.

Құран сөзін құрметте
«Ішіп, жеңдер. Бірақ ысырап қылмаңдар»
(Қасиетті Құран. «Ағраф» сүресі. 31-аят)
Бұл әңгімеге арқау болған «Ислам және өркениет» газетінде жарық көрген «Айтта телеэкрандар қанға боялды» атты мақала.
Авторы Кеулімжай Құттиев деген азамат қасиетті Құрбан айттағы құрбандық шалу кезінде «асыра сілтеу» жағдайын жазған екен.
Құрбандыққа мал сатып алу мақсатымен Астананың Артем базарының маңына барғанбыз. Сондағы көрініс: қоршауға қамалған қора-қора қой. Малдың аузым ашып, арқасын басып, қой таңдап жүрген адамдар. Таңдаған малды қасапшыға көрсетсе болды, табанда сол жерде қол жайып, бата қылып, құрбандық шалынады. Бұлақтай болып ағып жатқан қан.
Құттиев жазғандай, лақтырып тасталған ішек-қарын, кесілген бастар. Айнала қан-жын сасиды.
Құрбан айт — аса құрметті мереке. Мұның арғы тегі Ыбырайым пайғамбарға барып тіреледі. Пайғамбардың екінші әйелі Ажардан туған Ысмайыл есімді ұлы болады. Алла Тағаладан үкім келді:
– Ей, Ыбырай, ұл балаңды құрбандыққа шал! – деді.
Ыбырайым пайғамбар Алланың әмірін екі етпей, Ысмайылды құрбандыққа шалмақшы болып жатқанда, Алладан тағы хабар келді:
– Ей, Ыбырайым баланы босат. Оның орнына мына қошқарды шал! – деп аспаннан көк қошқар түсірді.
Заманның қыспағынан Құрбан айтқа тыйым салынған кездер де болған. Енді еркіндік орнаған кезде, «құрбандық шалғанның» реті осы екен деп, малдың қанын судай ағыза берудің жөні жоқ секілді. Бәрін де Құранда айтылғандай: ысырап қылмау керек шығар. Асыра сілтеу әр заманда да зиян.
Бір кем дүние.
Отқа оранған қырғауыл
Жаратушының құдіретімен дүниеге келген адам баласы Табиғат-Ананың аясында күн көріп, өніп-өсіп еді.
Енді сол Анасын қорлап, зорлауды шығарды. Орманды, сексеуілді даланы өртеп, ойрандайды.
Сол сексеуілдің түбінде қырғауылдар ұя салып, жұмыртқалап, балапан бастырады.
Темірқанат балапан әлі ұша алмайды. Ана-қырғауыл оларды бауырына басып жатады. Имансыз әлдекімдер сексеуілді даланы өртеп кетеді.
Балапан басып жатқан қырғауылға өрт жақындап қалады. Орасан қызу жан-жағын шарпи бастайды. Қырғауыл әлдекімді көмекке шақырғандай, жанұшыра қақылықтайды. Қоразы күйіп жатқан мекиенінің үстіне төніп, тұмсығынан су тамшылатып тұрғанда, қанаты күйіп, құлап түсті.
Қырғауылдың мекиені — асыл Ана балапандарын оттан қорғаймын деп отқа оранды.
Ұрпақ үшін жаралған пәруаналар!
Бірақ жалмауыз от аямайды.
Бір кем дүние.