Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 1000-ға жуық жас маман ауылдық жерлерде жұмысқа орналастырылса, оның ішінде 303 маман тұрғын үймен қамтамасыз етілген екен. Аталған бағдарламаны орындауда Оңтүстік Қазақстан облысы Республикада көш бастап тұр.

Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық отбасы, балалар мен жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова мәлім етті.

Балмаржан Нарбекованың айтуынша, өткен жылы 33 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылса, оның ішінде 18,2 мыңы - ауыл жастары. Сондай-ақ, былтыр 216 жасқа тұрғын үй берілген. Елбасының тікелей бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Серпін» бағдарламасы бойынша Оңтүстіктен 7500-ден астам жас Солтүстік өңірлердегі оқу орындарында білім алуда. Осылайша жалпы республика көлемінде бөлінген 15 мыңға жуық гранттың 50 пайыздан астамын Оңтүстік Қазақстан облысының жастары иеленген.

«Бүгінгі таңда облыста 750 мыңнан астам жас бар, бұл өңір халқының 26 пайызы. Қазір аймақта жастарға арналған 57 қоғамдық бірлестік, 7 республикалық жастар ұйымдарының филиалдары мен 20 этномәдени орталықтың жанынан жастар қанаттары жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, жоғары оқу орындары мен колледждерде – 41, ал кәсіпорындарда – 13 жастар ісі комитеттері бар. Онда 400 мыңға жуық жас мүшелік етеді», – деді Балмаржан Болатқызы.