Ақмола облысына қарасты Қошқарбай ауылында бар жоғы 42 отбасы өмір сүріп жатыр. Солардың қатарында 9 орыс, 2 қазақ баланы бауырына басқан 6 отбасы бар. 

Осыдан екі жыл бұрын Мүслима есімді ауыл тұрғыны жетімдер үйінен балалар асырап алу туралы өзгелерге ұсыныс жасайды. Тұрғындар кеңесе келе, Ақмола облысына қарасты Ақкөл балалар үйіне хабарласады.

«Ақ отау» бағдарламасына қонаққа келген Қошқарбай ауылының тұрғындары Хасенова Қайыркен Сағдиұлы және Хасенова Мүслима Қасымқызы 11 баланы асырап алуға не себеп болғанын айтып берді.
«2015-жылдары біздің мектебіміздің оқушылары азайып жабылудың аз алдында қалды. Сол кезде көп ойланып жүрдік. Бір күні кеште теледидардан жаңалық тыңдап отырғанымда Елбасының «Баллалар үйін азайтып, отбасылық балалар үйлерін көбейтуіміз керек» деген сөзін құлағым шалып қалды. Содан, неге біз балалар асырап алып, оларды ауылда оқытып, тәрбиелемейміз деген ой келді. Ертесі ата-аналар мен мұғалімдерді жинап: «Жетімдер үйінен балалар асырап алып, мектепті, ауылды сақтап қалсақ қайтеді?» деген ой тастадым. Ауыл тұрғындары кеңес келе, осы ұсынысқа келісті. Бәріміздің мақсатымыз жетімдерге пана болу, балаларға отбасы жылуын сыйлау, ауылды, қазақ мектебін сақтап қалу еді" - дейді Мүслима Қасымқызы.