Қытай Қазақстаннан келетін тауар импортын ұлғайтуға дайын. Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау 30 пайызға артты. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Рүстем Құрманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы, отандық азық-түліктің негізгі өнімдерімен қамтамасыз ету 80 пайыздан асты. 2017 жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы өнімі мен қайта өңделген тауарлардың экспорты 10 пайызға артты. Осы орайда өнімдерді экспортқа шығару географиясы кеңейіп келеді. Қазіргі кезде қытайлық нарық балық, қой мен жылқы, омарта шаруашылықтары, бидай әрі бұршақ дақылдары өнімдері үшін ашық. Нәтижесінде, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің ҚХР-ға экспорты 30 пайызға ұлғайды», - деді Құрманов.