Қытай құрамасында өнер көрсететін 22 жастағы қазақ спортшысы Аршынғазы Шәкенұлы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан XXIII қысқы Олимпиада ойындарында жарысқа шықты.

Аршынғазы Шәкенұлы әлемдік додада ерлер арасындағы 1500 метрге конькимен жүгіру сынында бақ сынады. Қорытындысында, қандасымыз аталмыш қашықтықты 1:50:16 уақытта бағындырып, 35 спортшы арасынан 32-орынды қанағат етті. Аршынғазы қытайлық БАҚ-қа берген сұхбатында жарыста өзінің қобалжуға бой алдырғанын жасырмады.
«Бейжіңдегі бәсекеде 1 минут 50.74 секунд нәтижесін көрсеткен едім, бүгін сол нәтижені жаңаладым. Әрине, Олимпиада ойындарына алғаш қатысып отырғандықтан толқу және қобалжу сезімі болды. Ендігі мақсат алда тағы болатын бәсекелерге дайын болу»-деді қандасымыз.
Аршынғазы Шәкенұлы 1995-жылы 18-шілдеде Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде дүниеге келген. Бойы 185 см, салмағы 83 кг. Ол Шыңжаңның конькимен жүгіру құрамасына 2010 жылы қосылып, 1500 метрге жүгіруде Қытайдың ішкі біріншілігінің жеңімпазы атанған. Шыңжаң өлкелік кәсіптік спорт техникасы институтының мұздан сырғанау мамандығына оқуға түсіп, Шынжаң құрамасында болған. Аршынғазы 2010-2018 жылдар аралығында конькимен жүгіру спортынан көптеген додада топ жарған. 2017 жылы 28-желтоқсан күні Қытайдың конькимен жүгіру спортынан ішкі біріншілікте Шыңжаң құрамасының өзге тағы екі спортшысы - Алмас Қақанбайұлы және Дәстүр Тұрсынханұлымен бірге командалық сында жеңімпаз атанды.

Айта кетейік, Аршынғазы 24 ақпан күні Пхенчхан Олимпиадасында конькимен жүгіруден ерлер арасындағы жаппай-старт бәсекесінде өнер көрсетеді.