Көлік жүргізушілер Ресейден және одаққа кіретін басқа да елдерден көлік әкелуге салынатын алымдар мен салықтар азаяды деп есептейді, деп жазады Ақжайық.
2018 жылдың басынан бастап ЕАЭО-ның Кедендік кодексі күшіне енді. Осыған байланысты Ресейден және осы одаққа кіретін басқа да елдерден көлік әкелуге салынатын алымдар мен салықтар азаяды деп есептейді. Бұл рас па?

Кедендік бақылау саласы мамандарының айтуынша, осы жылдан бастап ЕАЭО Кеден кодексінің күшіне енуі осы аумақтан көлік әкелуге еш әсер етпейді. Өйткені бұл елдер арасында кедендік реттеу жоқ, яғни, 2011 жылдан бері кіргізілген тауарларға баж салығы салынбайды.
Ал өзге елдерден кіргізілетін автокөліктерге салынатын баж салығы ДСҰ алдында алымдарды төмендетуге байланысты міндеттемелері бойынша көліктердің пайдалану мерзіміне сәйкес 1%-ға төмендетіледі. Мысалы, пайдаланылғанына 3-7 жыл болған, қозғалтқыштың жұмыс көлемі 1500 текше см. – 3000 текше см. аралығындағы көлікке салынатын алым 19%-дан 18%-ға төмендейді.

Жалпы, шетелден әкелінген көлік бағасына баж салығынан бөлек, қосылған құн салығы, утилизациялық алым, алғашқы тіркеу алымы және техпаспорт және номерге төленетін алымдар қосылады. Салық департаменті қызметкері Қазақстанда белгіленген ҚҚС (12%), басқа да алымдарға қатысты өзгеріс болмайтынын айтты. 

ҚР Энергетика министрлігі 2016 жылғы 27 ақпанда қалдықтарды жеткізу, кері өңдеу, залалсыздандыру, пайдалану және (немесе) кәдеге жарату алымын (утилизациялық алым) енгізді. Осы уақыттан бастап автоөндірушілер мен импортаушылар көлікті сатқанда, ал жеке тұлға көлігін есепке қойғанда бір рет утилизациялық алым төлейді. Оны есептеу әдістемесі бойынша, базалық 50 АЕК-ті көлік қозғалтқышының жұмыс көлеміне байланысты белгіленген коэффициентке көбейтеді. Мысалы, 1000 см3 – 2000 см3 көлемді көлік үшін 50 АЕК-ті 7-ге көбейтесің, яғни, бүгінгі есеппен 794150 теңгеге шығады.

Бұған 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Индустрия және даму министрлігі енгізген қоршаған ортаға зиянды әсер ететін транспортты қолданушыларға салынатын көлік құралдарын алғашқы тіркеу алымын қосыңыз. Бұл алым көліктің пайдалану мерзіміне байланысты (1 жылға дейін 0,25 АЕК, 3 жылға дейін – 50, үш жылдан жоғары – 500 АЕК) белгіленеді. Яғни, егер сіз ЕАЭО аумағынан немесе шетелден 3 жылдан аса пайдаланған көлік сатып сатып алып, Қазақстанға тіркесеңіз, 1 134 500 теңге алғашқы тіркеу алымын төлейсіз.

Осындай ауыр алым-салықтардан қашқан жүргізушілер көлікті сенімді басқаруға алып, уақытша тіркеу құқығымен жүргізіп жүр. Қала көшелерінде шетелдік номермен толып жүрген көліктер бұған дәлел.