Бард жанрының патшасы - Табылды Досымовтың арманы орындалды. Қазақтың тұңғыш бард ақынының мақсатын ұлы Абыл Досымов жалғады. 

Ізбасары алғаш рет сахна төріне шығып, әкесінің шығармашылығын елордалық өнер сүйер қауымға ұсынды. Игі іске - «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы ұйытқы болды.

Кешке танымал өнер иесі Қорабай Есенов, Елена Әбдіхалықова, Әлімбек Келдібай, Ержан Сағынбаев қатысты.

«Табылды Досымов деген қазақтың біртуар азаматы. Бұл азамат батыстан болса, мен осы орталық қазақстаннанмын. Менің есімім ертеде шыққан. Сонау 60-жылдық орта кезінен мен гитараны қолға бірінші ұстаған азаматпын. Табылды бауырым 2000 жылдардың бас кезінде осы Қарағанды облысы Жаңарқа ауданына өзі арнайы іздеп келіп, ағама сәлем беремін деп іздеп келіпті. Ол да мені аңсап жүр екен. Сонымен кездесу керемет өтті. Ал енді өкінішке орай бауырымыз 2010 жылы дүние салып кетті. Бірақ, артында көп мұра қалды. Ол енді қазақтан шыққан тыңғыш бард деп айтып жатырмыз. Ол ғажап ақын. Өзі ән жазады, өзі өлең шығарады. Өлеңдерін өзі айтады. Сонда мұндай бардтар біздің қазақта болған жоқ. Мен бард емеспін. Себебі, мен жай ғана гитарамен ән айтатын өнерпазбын. Табылдыға қатты ризамын. Артында қалған ізбасары өнерін жалғастырып жатыр», - дейді ҚР мәдениет қайраткері Қорабай Есенов.

Айта кетейік, музыка әлемінде бард жанры қазақтың жыраулық өнеріне жақын. Қазақ эстрадасында бұл бағыт Табылды Досымовтың шығармашылығынан бастау алады. Қазіргі таңда бұл әндер музыканттар мен жастарарасындаерекше серпіліс туғызып отыр. Әсем әнге ғана емес, сырлы поэзияға да сүйіспеншілікпен қарауға тәрбиелейтін ерекше дарын иесінің әндері жоғарғы деңгейде насихатталуда.