Ақпанның 27-сі күні "Қазақ радиолары" ЖШС ұйымдастырған "Мың алғыс"қайырымдылық кешін "Қазақстан" ұлттық арнасы көрсетпек. Эфир 3 наурыз күні сағат 20:30-да.

Қайырымдылық кеш – 1-ші наурыз «Алғыс айту күніне» орайластырылған. Жобаның мақсаты - қоғамның аз қамтылған, көмекке мұқтаж, тағдыр жолында бір-бірінен ажырап қалған жандарға қол ұшын созуға бағытталған.

Есеп беру кешінің негізгі кейіпкерлері «Жан жылуы» бағдарламасынан көмек көрген, «Бармысың, бауырым?» хабары арқылы жақынымен табысқан, «Ақ отау» жобасының әсерімен көпшілікке ой салған адамдар болады.  Олар - сахна төріне шығып, өздеріне көмек көрсеткен, өмірінің өзгеруіне әсер еткен барша адамға өз алғыстарын білдіреді.

Қазақ радиосындағы "Жан жылуы" хабарының бүгінгі эфиріне туғаннан көзі көрмейтін 1 жасар Арманның ата-анасы шақырылып, "Мың алғыс" концертінде жиналған барлық қаржы табыс етілді.

Концерт залда арнайы жәшіктер қойылған еді. Концерт соңында сол жәшікке көрермендер салған қаржының жалпы сомасы 690284 теңге құраған болатын. 

Сондай-ақ, Ресейге емделуге баратын Арманның жол шығынын Болатбек Жоланұлы есімді азамат көтерсе, емделуіне кететін 2 млн теңгені белгілі исламтанушы, ғалым  Қайрат Жолдыбайұлы мен Шымкентік кәсіпкер, «Ернияз» компаниясының бас директоры Ербол Дайраш берген еді.