Қазақстан мен Өзбекстан арасында қол қойылған әскери-техникалық саладағы келісім күшіне енді.

Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасында өткен жылы қол қойылған әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық келісімі ресми күшіне енді.

Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінен жасалған мәлімдемеге сәйкес, 2017 жылы қыркүйекте Ташкентте қол қойылған келісім «тепе-теңдік принциптерге негізделе отырып, екі ел арасындағы мүдделер аясында әскери-техникалық саладағы ынтымақтастықты дамыту» тұрғысында мақұлданған. Қазақстан мен Өзбекстан алдағы уақытта тең дәрежеде барлық заңдық нормаларды ескере отырып, әскери-техникалық байланысты нығайтып, аталмыш саланы жаңа деңгейге көтермек.

Күшіне енген келісім 2017 жылы 16 қыркүйекте Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ташкентке жасаған ресми сапары барысында екі ел қорғаныс министрлері тарапынан жасалды. 

Еске сала кетсек, Қазақстан мен Өзбекстан сауда-экономикалық байланысты да күшейте түсті. Бұл бағытта екі мемлекеттің шекарасындағы тексеру бекеттері күрделі жөндеуден өтіп, жүк өткізу бағыты жеңілдетіліп, тасымал бірнеше есеге артқан. Жалпы, Өзбекстан билігіне Шавкат Мирзиеев келгелі бері ресми Астана мен Ташкент арасындағы қарым-қатынас дами түсті. Бұған дәлел Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеевтың бастамасымен Астанада өткен Орталық Азия елдері басшыларының саммиті мен екі ел басшыларының жиі кездесуі.