Бүгін - Қазақстанда Алғыс айту күні. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстанда Алғыс айту күні бекітілді. Бұл мереке Мемлекет басшысының Жарлығымен биыл екінші рет атап өтіледі. Сондай-ақ, бүгін – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні.

Президент Алғыс айту күні туралы: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын Барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.

1995 жылдың 1 наурызында елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. 2015 жылы Ассамблеяның жиырма жылдығын мерекелеу аясында Мемлекет басшысы бұл күнді халықтардың бір-біріне және қазақтарға көптеген халық елге күштеп қоныстандырылған кезде төзімділік пен қонақжайлылық танытқаны үшін алғыс білдіретін күн деп жариялауды ұсынды.

Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір үйдің баласындай ғұмыр кешіп жатыр. Қазақстан – азаматтық келісімді, түрлі мәдениеттер мен діндерді тоғыстырған көпұлтты, зайырлы мемлекет.

Қазақ радиосы барша Қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық, қуаныш, береке-бірлік тілейді.