Алғыс айту күні — ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Сондай-ақ 1 наурыз — Қазақстан халқы Ассамблеясының күні. Бұл — тағдыр тәлкегімен Қазақстан аумағына қоныс аударған әр түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына тағзым ететін күн!
Атаулы мереке қарсаңында «Алеся» белорус этномәдени бірлестігінің төрайымы, Ақтөбе қаласының тұрғыны Валентина ДЫННИК Ақтөбе газеті арқылы тілек-лебізін жеткізді:
"Қазақстандағы 130-дан астам ұлт пен ұлыстың мәдениетінің бір арнаға тоғысуы — қазақ халқының дархандығы мен асқан төзімділігінің нәтижесі. Соның арқасында бүгінде елдегі халық бейбіт күнде тіршілік етіп жатыр.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында 1242 белорус ұлтының өкілі бар. Ал этномәдени орталықтың құрамында 50-ден астам мүше бар. Белорустар облыстағы Алға, Мәртөк аудандарында көп шоғырланған. Ал менің өз ата-бабам облыс орталығына қоныс аударған.

Қазақстан — біздің ортақ үйіміз. Біз осы елде өзара бірлікте, ынтымақта өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі күні Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері еліміздің дамуына, облыстың дамуына өз үлесін қосып келеді. Әсіресе, арамыздағы талантты, өнерлі адамдардың бұл тұрғыда алар орны ерекше.

Біз, белорустар, өзге ұлт өкілдері сияқты жыл сайын 1 наурызда жиналып, мерекелік іс-шара ұйымдастырып, тойлаймыз. Себебі Алғыс айту күнінің біз үшін маңызы ерекше. Екі ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан үш немере сүйіп отырмын. Немерелеріме өткен тарихты, қазақ халқының бізге жасаған қамқорлығын үнемі айтып отырамын.

Барша қазақстандықтарды бірлестік атынан бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Әр өңірдегі өзге ұлт өкілдерінің өз мәдениеті мен өнерінің дамуына, еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың бірлікте өмір сүруіне жағдай жасаған Елбасына алғыс айтамын! Сондай-ақ бізге үнемі қолдау көрсететін облыс әкіміне ерекше ықыласымды білдіремін.