Белгілі театр және кино актері Азамат Сатыбалды «Бір сен үшін» атты алғашқы кинотуындысына қазақ көрермендерінің бармағанына ренжулі.

Ол жайлы актер Шалқар Радиосы «Таңжарық» бағдарламасында айтып берді.
«Статистиканы алып қараған кезде тек қана орыс тілді өңір мен орыс тілді көрермендер ғана барған. Ал, таза қазақы көрермен киноға бармаған. Өзім дегенде өгіздей қара күш болады қазақта. Біз өзіміз деп, басқа адамдардан бөлініп, ақша таппасақ таппай кетейік, менің бірінші кинотуындым қазақша болсын, өйткені мен қазақпын деп, кеуде соғып, қазақша кино түсірген кезде, оның тақырыбы аса өзекті болғанда, киноның сапасы өте жақсы болғанда, сол киноға өзіміздің қазақтар бармағанда, мен іштей ренжігенім бар. Оны жасырмаймын. Бірақ, ренжігенмен сыртқа теуіп, ешқайда да кете алмаймын. Басқа елде болған кезде, өздерін қалай қолдайтынын көрдім. Өзім деп тұрады. Мен қазақтар барсын деп киноны таза қазақша түсірдім. Кино түсірмесең түсірмейді дейді, түсірсең неге ол қазақша емес деп сөгеді. Бірақ, қазір ютубта көрілім миллионнан асып кеткен. Кинотеатрға өз аяғымен баруға қазақтың мәдениеті қалыптаспады ма, білмеймін».