Мен бұған дейін көптеген жобалар жасадым. Ол жобалар рейтинг әкелу керек еді. Бірақ, әкелмеді. Өйткені, жоба шынайы шықпады. Барлығын дұрыс қағидаға сай жасағанбыз. Бірақ, жан жоқ, жүрек жоқ.

«Шалқар шаңырағындағы сұхбат» бағдарламасының қонағы – журналист, продюсер, «Бақытты әйел» бағдарламасының жүргізушісі Мақпал Қаратайқызы өз жобасының негізгі мақсаты жайлы айтып берді.

«Бақытты әйел» бағдарламасының мақсаты - шынайылық. Бағдарламаны ашқан кезде төрт жүргізушіге де: «Шынайы болыңдар» - деген талап қойылды. Бізді көріп отырған кез келген көрермен өзіне қажеттісін алса дедік. Бұл бағдарлама арқылы өзіміздің танымалдылығымызды арттыру емес, керісінше бізді көрген көрермен ой түйсе, әр айдардан өзіне керекті дүние алса дедік. Аллаға шүкір, бізге жазып жатқан хаттардан біздің мақсатымыздың жүзеге асқандығын білеміз» - дейді продюсер.