Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Ата-ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Балаға тәрбие сөзбен, теориямен келмейді, үлкендердің үлгісімен сіңеді.

Қазақ радиосының «Жан әлемі» бағдарламасында «Бала тәрбиесіндегі келеңсіздіктер» тақырыбы бойынша кеңес берген психолог Серікгүл Сали осы ұстанымды негізге ала отырып, ата-аналар балалардың жан әлеміне бойлай отырып, тәрбиелеу керек екенін айтады.

«Бала сізге келген жаңа көлік сияқты. Жаңа көлік сатып алсаңыз оны қалай қолдану керек екенін түсіндірмеден оқып, біліп, сосын қолданасыз. Сол сияқты сіздің балаңыз қандай типтен? Балаңыздың ерекшелігі қандай? Ол болашақта ғалым болатын шығар? Мүмкін, одан үлкен музыкант, ақын, жазушы, спортшы шығайын деп тұрған болар? Ал, сіз оның қандай дарын иесі екенін, бойында қандай таланты бар екенін аңғармай тұрып, оны қай бағытта, қалай тәрбилеу керек екенін тіпті де білмейсіз. Бала жанына үңілу керек! Мәселе  -балада емес, мәселе әрқашан - ата-анада, ата-ананың балаға деген қарым-қатынасында. Баланы түсіну үшін өзіңіздің түсінігіңіз мол, ішкі жан әлемңіз сау әрі бай болуы керек» дейді психолог Серікгүл Сали.