Ақын Ұлықбек Есдәулет Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болып сайланды. Жаңа төраға Алматыда Абай атындағы Опера және балет театрында Қазақстан жазушылар одағының кезекті XV құрылтайында тағайындалды.

Құрылтайды ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді.

Жазушылар Одағын ұзақ жылдар бойы басқарған Нұрлан Оразалинге құрылтайда шапан жабылды. Құрылтай басталғанда баяндама жасаған Нұрлан Оразалин төрағағалыққа түспейтінін мәлімдеді.
«Бүгінде одақтың құрамында 780-нен астам қаламгер бар. Әдебиет дейтін киелі ұйымға 84 жыл ие болған Жазушылар одағының жұмысын түгел түгендеу мүмкін емес. Біз соңғы 5 жылда атқарылған жұмыстарды айтып шықтық. Ұйым одақ негізін қалаған Алаш арыстары заманында да, одан кейін Мұхтар, Ғабиттер басшылық еткен кезеңде де жойылып кетпеген. Жазушылар одағында өткен 22 жыл мен үшін үлкен мектеп болды. Барлығыңызға алғысымды айтамын. Өзіме бата берген ағаларым аруағы алдында басымды иемін. Осы мінбеден барлығыңызға ризашылығымды айта отырып, төрағалыққа сайлауға түспейтінімді жеткізгім келеді. Енді жаңадан сайланатын бауырларымызға сәттілік тілеймін. Әдебиетіміз мәңгі болсын!», - деді Нұрлан Оразалин.
Айта кетерлігі, осыған дейінгі төраға Нұрлан Оразалин Жазушылар одағын 1996 жылдан бері басқарып келген.

Ал, Жазушылар Одағының жаңа басшысы Ұлықбек Есдәулет болашақта "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жаңа серпінмен жұмыс жасайтынын айтты. Одақ төрағасының орынбасарлығына Бақыт Беделхан, Ақберен Елгезек сияқты елге есімі таныс қаламгерлерді ұсынды.
«Жазушылар одағының міндеті жазушыға қолдан келгенше қолдау көрсету. Жазушылар одағының жұмысы жаңа дәуірде өзгеруі керек. Осы жаңа заманға байланысты жобалар керек. Біздің бақытымызға орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарыққа шықты. Соны жүзеге асыруға Жазушылар одағы барынша атсалысуы керек», - деді Жазушылар Одағының жаңа төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулет — ақын, журналист. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері.

Қазақ радиосы Ұлықбек Оразбайұлын, Жазушылар Одағының жаңа құрамын құттықтап, сәттілік тілейді!